Күрес түрлерінен 2024 жылдың үздік балуандарының есімдері белгілі болды. Бұл марапаттардың иегерлері туралы ақпарат Біріккен күрес әлемі ұйымының ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Еркін күрес бойынша жылдың үздік балуаны атағы грузиялық Гено Петриашвилиге бұйырды. Париж Олимпиадасының чемпионы атанған Гено бұған дейін де талай биік белестерді бағындырған. Ол Токио Олимпиадасының күміс медалі мен Рио Олимпиадасының қола жүлдесін иеленген. Сондай-ақ, 2017, 2018 және 2019 жылдары өткен әлем чемпионатында топ жарып, үш дүркін әлемнің үздігі атанған.
Грек-рим күресі бойынша жапониялық Нао Кусака 2024 жылдың үздік балуаны атанды. Париж Олимпиадасының чемпионы болған Кусака 2023 жылғы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алып, биылғы Азия чемпионатында алтынға қол жеткізді. Париждегі Олимпиада финалында ол қазақстандық балуан Демеу Жадраевты жеңген еді.
Әйелдер күресінен түркиялық Бусе Тосун 2024 жылдың үздік балуаны деп танылды. Ол Париж Олимпиадасында қола медаль иеленіп, Белградта өткен 2023 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар ол 2024 жылы Еуропа чемпионатының алтын жүлдесін еншіледі.
Айта кетейік, 2023 жылы еркін күрестен бахрейндік Ахмед Тажудинов жылдың үздік балуаны атанса, грек-рим күресінен бұл атақ кубалық Луис Санческе берілген болатын. Ал әйелдер күресінде қырғызстандық Айсұлу Тыныбекова үздік деп танылған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2201576-parizhde-demeu-zhadyraevty-zhenggen-zhaponiialyq-sportshy-zhyldyng-uzdik-baluany-atandy/