Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановтың жары Марина Седнева үнемі күйеуінің қасында болып, қолдау көрсететінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ журналист Ақырыс Сейтқазының Youtube-тегі арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Жарыста да жаттығуларда да бірге жүреміз. Нұрқожа кейде жеңіліске ұшырағанда физикалық жағынан бөлек, психологиялық тұрғыда да ауыртпашылыққа тап болады. Жеңілген кезде оның қасында ешкім болмайды. Тек әйелі болып мен жүремін. Қандай жағдайды бастан кешетініне үнемі куә боламын. Ол да маған ауыр тиеді. Кеше әлем чемпионы болған сәтте көз жасыма ерік бердім.
Кейде Нұрқожаның көңіл күйі түсіп, күресті тастағысы келгенде, "Қанша жыл еңбектеніп, қазір бәрін қоя саласың ба?" деп батырып айтамын. "Мұны мен айтпасам, басқа ешкім айтпайды ғой" деймін. Бұған кейде ренжіп қалады. Бірақ жігерленіп, жаттығуды қайта бастап кетеді", - деді Марина Седнева.
Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов пен Марина Седнева 2020 жылы отау құрған. Былтыр Қайпанов Тиранада (Албания) өткен олимпиадалық емес салмақ санаттары бойынша әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2207559-zhengilgende-zhanynda-eshkim-bolmaidy-nurqozha-qaipanovtyng-zhary-kuieuin-qalai-zhigerlendiretinin-aitty/