Азамат Дәулетбеков пен Ризабек Айтмұхан Албаниядағы турнирде қола медаль жеңіп алды
Жарияланған күні:
Албанияда күрес түрлерінен өтіп жатқан рейтингтік турнирде қазақ балуандары Азамат Дәулетбеков пен Ризабек Айтмұхан қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Халықаралық додада 97 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ризабек Айтмұхан үшінші орын үшін белдесуде Үндістан өкілі Джойнти Кумармен кездесіп, мерзімінен бұрын жеңіске жеткен.
Ол қарсыласын небәрі 23 секундтың ішінде 10:0 есебімен ұтып, турнирдің қола медалін иеленген.
Жартылай финалда Ризабек ресейлік спортшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы және бес дүркін әлем чемпионы Абдулрашид Садулаевқа 3:14 есебімен есе жіберген.
Ал -92 келі салмақта бақ сынаған Азамат Дәулетбеков қола жүлде үшін өткен белдесуде ұлттық құраманың тағы бір балуаны Камиль Куруглиевті 4:0 есебімен жеңген.
Азамат жарыс барысында ирандық Амирхоссейн Фирузпурге жол берген. Кейін Фирузпур финалға шығып, алтын медаль иеленген. Соның нәтижесінде Азамат жұбаныш белдесуіне қатысып, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алған.
Осылайша, қазақ балуандары Албаниядағы турнирде ел қоржынына тағы екі қола жүлде салған.
Айта кетелік, бұған дейін 86 келіге дейінгі салмақта Болат Сақаев қола жүлдегер атанғанын жазған едік.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2348218-azamat-dauletbekov-pen-rizabek-aitmuhan-albaniiadagy-turnirde-qola-zhuldeger-atandy/