Футзалдан биылғы Еуропа чемпионатының үздік бомбардирі Біржан Оразов және Қазақстанның 2021 жылғы ең үздік ойыншысы Дәурен Тұрсағұлов "Қызық Live" бағдарламасында қонақта болды. Бағдарлама барысында ойыншылар спортқа қалай келгені туралы баяндап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бағдарлама барысында Біржан Оразов пен Дәурен Тұрсағұлов жүргізушілерге өздерінің нөмірі жазылған футболканы сыйлыққа берді. Бұл ретте қос ойыншы неліктен "17" және "12" нөмірлерін таңдап алғанын түсіндіріп берді.
"17" – менің туған күнім. Баламның туған күні де 17-сі. 17 қазан – менікі, 17 қараша – баламдікі", - дейді Біржан.
Ал Дәурен болса:
"12" саны өзіме ұнайды. Негізі біз ұлттық құрамаға барған кезде менде 20-шы нөмір болатын. Өйткені ол кезде бос нөмірді бере салатын. Сенен қай нөмір керек деп те сұрамайтын. Қай форма дайын, соны бере салатын", - деді.
Одан бөлек, ойыншылар Қазақстандағы футзал ойыны енді дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Біржанның айтуынша, қазір Мбаппенің формасы емес, Оразов, Тұрсағұлов, Игита деген сияқты формаларға сұраныс көп болып жатыр.
"Қазақтарды екі-ақ нәрсе ұйқыдан оятады дейді ғой. Біреуі – Гена болса, екіншісі осы – футзал", - деп қалжыңдады Біржан.
Сондай-ақ, студия қонақтары спортқа қалай келгендеріне тоқталып, қызықты сәттерін бөлісті. Екеуі де Шығыс Қазақстан облысы Аягөзден екен.
"Аягөзде бастадық. Футзалға дейін үлкен футбол ойнадық. Қыста залда ойнадық. Алматыға оқуға түскен соң жаттықтырушымыз командаларға өзімізді сынап көруге жіберді. Біржанды жіберді екі командаға. Мені де жіберді үлкен командаларға. Өтпей қалдық. Мен "Қайрат" командасына бардым. Айбол Әбікен екеуіміз бірге бардық. Ол өтіп кетті, мен өтпей қалдым", - деген Дәурен сол кездері өзінің 92 келі болғанын есіне алды.
Дәуреннің айтуынша, "Жетісу" командасында ойнап жүрген кезінде "Қайрат" командасының бапкері Біржан мен Дәуренді шақырған.
"Сол кезде маған "Қайратта" ойнағың келсе, арықтау керексің, физикалық тұрғыдан мықты болуың керек" деп айтты. Сосын мен 3 айда арықтадым. 92 келі болдым. 18 кг салмақ тастадым. Қазір 74 кг салмақтамын", - дейді Дәурен.
Командада Аягөзден 5 бала бар екен. Одан бөлек, бразиялық ойыншылар да бар. Ойыншылар "Бірлік бар жерде - тірлік" бар деген ұстанымда екендерін жеткізді.
"Екеуіміз бала кезден араласамыз. Аягөзден. Командада Жомарт Тоқаев та Аягөзден. Командада Аягөзден 5 бала бар. Дәурен екеуіміз бала кезден бері доспыз. Бірге жарыстарға қатыстық. Аягөздікі, ана жердікі деп бөлінбейміз. Бәріміз әрдайым бірге жүреміз. Сол үшін нәтиже бар деп ойлаймын. Бірлік бар жерде – тірлік бар", - деген Біржан командадағы бразиялық ойыншыларға қатысты пікірін білдірді.
Оның айтуынша, бразиялық ойыншылар орысша сөйлеп, айтқаныңды түсінеді. Жаттығу кезінде де бірге жаттығады.
"Иә, жақсы араласамыз. Бәрі орысша түсінеді. Орысша сөйлейді. Қазақша тұрмыстық сөздерді біледі. Мысалы, ас болсын, сәлем, қалайсың деген секілді. Жаттығуларымыз да бірге болады. Бразиялықтар нені істейді, біз де сол жаттығуды жасаймыз.
Әрине, айтқан нәрсе жүрекке тиеді. Бірақ Қазақстан жері үшін, елі үшін барын салып ойнап жатқан кезде, қазақстандық деп есептейсің ғой. Өйткені кейбір азаматтар бар қазақ үшін олай тер төкпейтін. Ал біз, барлығымыз бірге Қазақстан үшін жанымызды салсақ, Қазақстан үшін жан пида болып жатса, неге ойнамасқа?", - дейді ол.
Студия қонақтары, сондай-ақ, футзалға қалай келгені, мектеп кезінде сабақты қалай оқығандары туралы да айтты.
Біржанның сөзінше: "Менің нағашы ағам ойнаған. Қақпашы болған. Соның киімдерін киіп алып, сөйтіп қиялданып жүретінмін. Сол маған ең бірінші түрткі болды деп ойлаймын. Содан кейін футболды жақсы көріп, аулада ойнап, сосын спорт мектебіне қатысып, сөйтіп осындай дәрежеге жеттім", - дейді.
Мектепте екеуі де оқу озаты болмаған екен. Осыған қатысты Біржан өзінің қалай Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғанын айтып берді.
"Оқу жағы нашар десе болады. Негізі ҰБТ-ға кірген кезде ештеңке білмеймін ғой. Содан математикадан мүлдем білмеймін. Сосын барлығын Б деп белгілеп шыққанмын. Неге Б деп белгіледің десе: Атым Біржан деп жауап бергем. Сөйтіп математикадан 3 балл алдым. Анам, бәрі ұрысқан болатын. Қазір енді мақтанады деп ойлаймын. Ананың көңілі - ең басты нәрсе.
Бірақ, әрдайым білім алуға ұмтылу керек. Мысалы, менің бауырым футболшы боламын дейді. Мен бірінші орынға әрдайым сабақты қоямын. Өйткені бізге Қазақстанда білімді мамандар өте қажет. Содан кейін ары қарай футбол ма, қандай хоббиің бар - сомен айналыс деп кеңес беремін", - дейді Біржан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1960760-dauren-tursagulov-qairat-futzal-komandasyna-kiru-usin-18-keli-salmaq-tastadym/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.