Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстаннан жеңілген Дания құрамасы туралы не білеміз (фото, видео)

Опубликовано:

Асхат Тағыберген
Асхат Тағыберген. Фото: Қазақстанның футбол федерациясы

Кеше, 26 наурызда Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы Даниядан басым түскені белгілі. Аталған ойыннан кейін Магомед Адиевтің шәкірттері топтағы жағдайын жақсартты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Астана" аренада өткен ойында "қонақтардың" жас шабуылшысы Расмус Винтер Хейлунн 21 минутта есеп ашты. Араға он бес минут салып ол есепті еселеді.

Осыдан кейін ойынның "тағдыры" шешілгендей болған. Алайда Қазақстан құрамасының футболшылары жанкүйерлердің алдында намысты қолдан жібермей, матчтың соңында үш гол соғып, сенсация жасады.

Алдымен он бір метрлік айып добынан Бақтиер Зайнутдинов көзге түссе, одан кейін Асхат Тағыберген айып алаңының сыртынан гол соқты. Матчтың нүктесін Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов тоқсаныншы минутта қойды.

Асхат Тағыбергеннің голы көптің есінде ұзақ уақытқа қалары сөзсіз. Тіпті капитанның әдемі добына UEFA-ның желідегі ресми аккаунты да пікір білдірді.

Ұйымның 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне арналған ресми Twitter парақшасы "Бәрін тастап, Асхат Тағыбергеннің мына голына қараңыздар. Бұл сатыда мұнымен басқа нені салыстыруға болады?" деген жазба қалдырды.

Айта кетейік, матч басталғанға дейін спорт сарапшылары мен жанкүйерлер Дания жеңіске жетеді деп болжаған еді. Өйткені Дания соңғы Еуропа чемпионатында үшінші орыннан көрініп, Ұлттар лигасында жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. Турнир кезінде Франция, Сербия секілді мықты ұжымдардан айласын асырды.

Сонымен қатар Каспер Юльманн шәкірттері Катарда өткен Әлем біріншілігінің топтық кезеңінде ойнады. Алайда төртжылдықтың ірі додасының плей-офф кезеңіне шыға алмады.

Футболдан Дания құрамасы туралы не білеміз?

Дания құрамасы - 1992 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы. Команданы Каспер Юльманн жаттықтырады.

ФИФА рейтингінде еуропалық ұжым 12-орында тұр.

Дания құрамасы сапында Еуропаның үздік клубтарында доп тебетін футболшылар жетерлік. Олардың қатарында "Манчестер Юнайтедтің" жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксен, "Ницца" қақпашысы Каспер Шмейхель, "Барселона" қорғаушысы Андреас Кристенсен, "Аталанта" ойыншысы Йоаким Мэле, "Милан" қорғаушысы Симон Кьер, "Тоттенхэм" жартылай қорғаушысы Пьер-Эмиль Хейбьерг, "Лейпциг" шабуылшысы Юссуф Поульсен және тағы басқалары бар.

Transfermarkt сайты ұсынған ақпаратқа сәйкес, Дания ойыншыларының құны 262 миллион еуроға бағалануда.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының жалпы құны 19 миллион еуроны құрайды.

Қазақстан мен Дания арасындағы ойындардың тарихы:

Қазақстан мен Дания бұған дейін төрт рет кездескен. Соның бәрі еуропалық ұжымның пайдасына аяқталды.

2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеу сатысында Дания құрамасы отандық команданы 3:0, 2:1 есебімен ұтты.

2018 жылғы іріктеу кезеңінде де еуропалық ұжымның мерейі үстем болды. Екі матчта да команда 4:1, 3:1 есебімен Қазақстан құрамасынан басым түсті.

2 турдан кейін Н тобындағы жағдай:

Словения - 6 ұпай,

Дания - 3 ұпай,

Қазақстан - 3 ұпай,

Финляндия - 3 ұпай,

Солтүстік Ирландия - 3 ұпай,

Сан-Марино - 0 ұпай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2014235-qazaqstannan-zenilgen-daniya-quramasy-turaly-ne-bilemiz-foto-video/