Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ғалым Нұржанов: Футбол талантты жігіттер үшін әлеуметтік лифт болуы керек

Опубликовано:

Ulytau Futbol
Фото: Kazakhmys Holding

«Қазақмыс» корпорациясы Ұлытау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Оның аясында аймақ үшін маңызды индустриялық-әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр. Жаңадан құрылған «Ұлытау өңірі» футбол қауымдастығының президенті, Kazakhmys Barlau кәсіпорнының бас директоры Ғалым Нұржанов миллиондар ойынының өңірдегі даму болашағы туралы сұхбат берді.

– Ғалым Жұмабайұлы, Ұлытау жанкүйерлері үшін футболдың орны бөлек екен.

– Әрине. Жезқазғанда кәсіпқой және әуесқой футбол командалары өткен ғасырдың 40-жылдары пайда болған. «Еңбек», «Восток», «Гигант», «Рудник», «Жезқазғанец» клубтары отандық футбол тарихының бір бөлігіне айналды. Cонау 1941 жылы құрылған «Металлург» клубы алғашқы жол салушы болды. 1967 жылы команда «Еңбек» деген атқа ие болса, келесі жылы Б класының – сол кездегі КСРО чемпионатының үшінші дивизионының жеңімпазы атанды. Демек біздің өңірдегі футболдың ежелден келе жатқан бай тарихы бар. Өкінішке қарай, ұзақ жылдар бойы бұл спорт белгілі жағдайларға байланысты тоқырауға ұшырады.

– Өңірге облыс мәртебесі берілгеннен бері көп нәрсе өзгерді, солай емес пе?

– Бәрі де толықтай өзгерді. Бизнес үшін, қоғам үшін, халық үшін де. Еліміздің әр аймағында кем дегенде бір кәсіби футбол клубы бар. Облыс мәртебесі көп нәрсені міндеттейді. Өңір намысын қорғайтын клубтың құрылуы – уақыт талабы. Әкім Берік Әбдіғалиұлы бастаған облыс басшылығы өңірдегі бұқаралық спортқа тың серпін берді. Біріншіден, былтыр желтоқсан айында облыс әкімдігі мен Қазақстан футбол федерациясы арасында өңірдегі футболды қолдау және дамыту туралы меморандумға қол қойылды. Сол іс-шараға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов келіп, біздің еңбегімізге лайықты бағасын беріп, қолдауын көрсетті. Ол да Ұлытау өңірінде бұқаралық спорттың жаппай дамуына мүдделі екенін айтып, аймақта саламатты, әрі белсенді өмір салты сәнге айналып, талантты балалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатынына сенім білдірді.

– Ұйымыңыз қандай істер атқармақшы?

– Біз бірінші кезекте талдау жасадық. 230 мың тұрғыны бар Ұлытау өңірінде 11 штаттық жаттықтырушыдан тұратын мамандандырылған үш футбол мектебі бар екен.

Біздің команда құрылған кезде облысымызда, атап айтқанда, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында, Жаңаарқа ауылында 6-18 жас аралығындағы 16 мыңнан аса оқушының 313-і ғана футболмен тұрақты негізде айналысқан. Бұл жерде «тұрақты негізде» деген тіркесті қодану дұрыс та емес. Шын мәнінде, Ұлытау өңірінде балалар футболмен жиі және белсенді түрде айналысады. Алайда Қаражал, Жәйрем, Ұлытау сияқты жекелеген елді мекендерде футбол мектептері мүлде жоқ.

Жалпы, бүгінде елімізде 300-ге жуық футбол мектебі мен академиясы бар. Олар 4 пен 16 жас аралығындағы 12 мыңға жуық баланы қамтып отыр.

Мысалы, Павлодар облысының 72 мың тұрғыны бар Ақсу қаласындағы футбол орталығында 33 маман 540 баланы жаттықтырады, 328 мың тұрғыны бар Семей қаласындағы футбол орталығында 400 бала жаттығады. Оларға 24 маман сабақ береді. Соңғы кезге дейін Семей де Жезқазған сияқты облыс орталығы болмағанын, ал Ақсу қазір де ондай мәртебеде еместігін айта кеткен жөн. Соған қарамастан оларда балалар жаттығып, футбол бұқаралық сипатқа ие болып келеді.

Ғалым Нұржанов
Фото: Kazakhmys Holding

– Сіз келтірген сандар елең еткізерліктей екен...

– Иә. Футболдағы нәтиже оған жасалған жағдайға тікелей байланысты. Қолайлы жағдай болса, жеңіс көп күттірмейді. «Жағдай» дегеніміз – қарапайым футбол жабдықтарының қолжетімдігінен бастап стадион мен білікті жаттықтырушыларға дейінгі ауқымды жұмыс қой. Ұзақ жыл бойы қала, ауыл басшылары облыста футболды дамытуға көңіл бөлмеді.

Кем дегенде он жыл бойы спорттық ғимараттарға, стадиондар мен футбол алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Спорттық инфрақұрылым дамымады, білікті жаттықтырушылар болмады, қалааралық және ауданаралық жарыстар өткізілмеді. Барлығы бір жолғы іс-шаралармен шектеліп, балалар жарысқа еш дайындықсыз қатысатын. Спортшылардың дұрыс әдістемелік дайындығының да болмағанын аңғаруға болады. Сондықтан футболдың бұқаралық сипаты туралы сөз қозғау орынсыз. Ал бұқаралық сипат футбол пирамидасының маңызды негізі болып саналады. Онсыз бұл спорт түрінің тұрақты дамуы мүмкін емес. Құрылымдар арасында өзара байланыс, нақты әрі түсінікті оқыту бағдарламалары жоқ. Бір сөзбен айтқанда, шешілмеген мәселе көп.

Мысалы, күні кешеге дейін жанкүйерлер ULYTAU футбол клубының орналасқан жері туралы сұрақ қойып жатты. Неге команда ойындарын «Металлург» стадионы бар Жезқазғанда емес, Сәтбаевтағы спорттық-сауықтыру кешенінде өткізеді? Себебі Жезқазғандағы стадионның жағдайы көңіл көншітпейді. Футбол алаңы, инфрақұрылым (киіну бөлмелері, душ кабиналары, мінбе астындағы бөлмелер және т.б.) федерацияның сертификаттауға қойылатын ең төменгі талаптарына сәйкес келмейді.

Бүгінгі таңда киім ауыстыратын, жуынатын және жеке бөлмелерді жөндеу аяқталды, алаңға резеңке төсем төселді, мінбелер қалпына келтіріліп жатыр. Таяуда қатты дауыл салдарынан Сәтбаев қаласындағы футбол манежінің күмбезі бұзылып, жарамсыз болып қалды. Оны жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, 9 тамыз күні команда жарысты осы стадионда өткізуге мәжбүр болды. Бұл қолайсыздық жарысқа келген қала тұрғындарының ренішін туғызды.

– Енді жаңа клубтың қалай құрылғанын айтып берсеңіз?

– Жаңа клуб «нөлден» бастап құрылды. Клубтың атауын әлеуметтік желіде халықтың дауыс беруімен таңдауды жөн көрдік. Ұлттық команданың аты да ұлттық болуы керек. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Жезді, Жаңаарқа сияқты елді мекендерінен талантты футболшыларды іріктеп алдық. Биыл ақпанда Жезқазған қаласында ашылған ULYTAU ФК Балалар футболы орталығында 2007, 2008 және 2009 жылы туған жеткіншектер іріктеуден өтті. Олардың спорттық дайындығын жоғары білікті жаттықтырушы Иван Азовский мен белгілі маман Юрий Свирков бағалады. Нәтижесінде, орталықтағы сабаққа қатысуға 60 бозбала таңдап алынды.

Ulytau Futbol
Фото: Kazakhmys Holding

Клубты құрудың бастапқы кезеңінде «Қазақмыс» корпорациясы елеулі көмек көрсетті. Соның арқасында ең басты міндеттерді шешуге қабілетті білікті мамандар мен кәсіби футболшылар шақырылды, оқу-жаттығу жиындары дер кезінде өткізілді. Негізгі команда екінші лига чемпионатына қатысты. Сонымен қатар «Металлург» стадионы жөнделіп жатыр.

Қауымдастық пен клуб «Қазақмысқа» осы көмегі үшін үлкен алғыс білдіреді. Бұл ретте Ұлытау өңірінде басқа да жер қойнауын пайдаланушылар мен орта кәсіпкерлер саны көп екені белгілі. Бірақ олар әзірге жергілікті балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық спортын қолдап отырған жоқ.

– Қала жолдарындағы қымбат көліктерге қарасақ, жеке кәсіпкерлерде қаражат тұрғысынан қиындық жоқ сияқты...

- Дұрыс айтасыз. Бұл түрлі факторларға байланысты. Соның ішінде бұқаралық спорттың маңызын түсінбеу, оның экономикалық пайдасына қатысы сенімсіздік немесе қоғамдық іс-шараларға қызығушылықтың болмауына байланысты. Кейде маған бұл мырзалар осы өлкеде өмір сүруге, оның өркендеуіне мүдделі емес, тек қалтасларын толтырып алып, тайып тұруды көздейтін сияқты көрінеді.

Басқа аймақтарда футбол командаларына, жалпы бұқаралық балалар спортына дүкен, кафе, мейрамханалар, тіпті пиццериялар сияқты шағын бизнес иелері де демеушілік көрсететінін білеміз.

Дегенмен біздің қауымдастық пен клубымыздың мүшелері - өте жігерлі, мақсатшыл адамдар. Біз жобамыздың болашағы жарқын екеніне сенімдіміз және жергілікті демеушілер мен меценаттарымыздың жәрдемімен дамуға дайынбыз. Олардың көпшілігі жүйелі түрде серіктес бола, өздерін танытуға ғана емес, сондай-ақ аймағымыздың атақ-даңқын, имиджін арттыруға үлес қосады. Ал ең бастысы, өңірімізде кәсіби команданың болуы футболдың дамуына, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

– Сіз командаға үздік мамандарды тарту туралы айттыңыз. Еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырған Талғат Байсуфинов жаңадан жанданған клубтың бас директоры болғанын білеміз.

– Иә. Біз үшін Талғат Маруанұлының футболшы кезінде «Еңбек» ФК намысын қорғағаны өте маңызды болды. Оған қоса Жезқазған футболының түлегі, футболдан 2012 жылғы Қазақстан чемпионы, 2013 жылғы Қазақстан Республикасы Суперкубогының иегері, ұзақ уақыт бойы «Қазақмыс», «Шахтер», «Қайрат», «Ордабасы» командалары құрамында ойнаған және әр түрлі жастағы Қазақстан құрамаларында сәтті өнер көрсеткен Виталий Ли клубтың спорттық директоры атанды.

ULYTAU қазір екінші лиганың солтүстік-шығыс дивизионында теңдессіз болып отыр. Бірінші айналымның он сайысындағы он жеңіс - осының дәлелі. Команданың бас бапкері Марат Еслямов Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) жүргізген сауалдама қорытындысы бойынша биылғы маусымда екі рет ай бапкері болып танылды. Ал команданың 20-дан астам гол соққан үздік бомбардирі Ерсұлтан Төреқұл үш мәрте айдың үздік ойыншысы атанды.

– Орташа есеппен әр матчта екі гол тамаша көрсеткіш екен.

– Иә. Жасыратың несі бар, облыс тұрғындары үлкен футболды сағынып қалған екен. Сондықтан да ULYTAU ФК-ның алдында үлкен міндет тұр – Қазақстан футболының бірінші лигасына жолдама алу үшін екінші лиганың солтүстік-шығыс дивизионында бірінші орын алу керек. Облыс жанкүйерлері жоғары деңгейдегі командаға лайық.

– Команданың болашағы жайлы не айтасыз?

– Бұл келесі сұхбаттың сұрағы ғой. Айтып өткенімдей, спортшыларға жағдай жасау керек. Жағдай жасалса, мүмкіндіктер де көп болады. Мақсаттарға жету үшін, ең алдымен ФИФА, УЕФА және ҚФФ талаптарына сай келетін жақсы стадиондар мен манеждер, сондай-ақ тұрақты қаржыландыру қажет. Әзірге біз осы мәселелер бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Ulytau Futbol
Фото: Kazakhmys Holding

– Ал бұқаралық және жасөспірімдер футболының жай-күйі қалай?

– Бұл – қауымдастықтың маңызды міндеті. 2025 жылға дейін әзірленген стратегиялық бағдарлама бойынша облыстағы 3 мыңнан астам бозбаланы футболға тартуды жоспарлап отырмыз. Біз лайықты резерв дайындауға, ұрпақтар сабақтастығына ерекше көңіл бөлетін боламыз. Екінші лига біріншілігінде жеңсек, біз 5 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер құрамаларын көбейту мәселесін көтереміз. Олардың бәрі жергілікті балалар болады.

Алдағы уақытта облыстың барлық ауданы мен елдімекенінде жұмыс істейтін боламыз. Әрбір бозбаланың туған ауылында немесе қаласында ойнап, даму мүмкіндігіне ие болуына күш салатын боламыз.

Қазақ «Ауылым - алтын бесігім» дейді. Шынында да, ауыл – көптеген спортшының, Олимпиада чемпиондарының, әлем чемпиондарының алтын бесігі. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында, 1992-2022 жылдар аралығында Қазақстаннан 46 Олимпиада және әлем чемпиондары шықты. Олардың 24-і, яғни 52 пайызы - ауылдан шыққандар. 13-і – қалалықтар, 9-ы легионерлер. Менің ойымша, әлеует айқын.

Шынтуайтында, футбол талантты жігіттер үшін әлеуметтік лифт болуы керек. Сондықтан облыстың барлық елдімекенінен жас таланттарды іздестіру мен іріктеудің ашық және әділ жүйесін құруға бар күш-жігерімізді саламыз.

Бір қуанышты жаңалық – қазір Сəтбаев қаласындағы спорттық-сауықтыру кешенінің аумағында спорт интернатын салу мəселесі пысықталу үстінде. Бұл өңірдегі спорттың дамуына үлкен үлес болып қосылмақ.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2033242-galym-nurzanov-futbol-talantty-zigitter-usin-aleumettik-lift-boluy-kerek/

pixel