
Футболдан Қазақстан құрамасы Финляндияны сырт алаңда тізе бүктіріп, киім ауыстыру бөлмесінде тарихи жеңісін ерекше атап өтті. Футболшыларды алғашқылардың бірі болып федерация басшысы Әділет Барменқұлов құттықтады, деп жазады KAZ.NUR.KZ футбол федерациясына сілтеме жасап.
Ұлттық құраманың ресми Youtube арнасында жарияланған видеода жеңісіне қуанған ойыншылардың секіріп, әндетіп жатқанын көруге болады. Олардың қуанышына федерация президенті Әділет Барменқұлов та ортақтасқан.
"Менің батырларым сендер. Жандарым, алға баса беріңдер. Тоқтамаңдар. Президентіміз айтқандай "ертең демалыс, одан кейін қайтадан дайындалу керек". Рахмет жандарым", - деп алғысын білдірді Барменқұлов.
Сондай-ақ ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев те ойыншыларына ризашылығын жеткізіп, ойынға қатысты пікірін айтты.
"Ойынға қатысты айтарым, біз барымызды салып, соңына дейін күрессек кез келген команданы жеңе аламыз. Соған көзіміз жетті. Даниядан кейін айтқанымдай, қанша жерден жоғары кәсіби ойыншы болсаң да, футбол деп соғатын үлкен жүрегің болмаса ештеңе де ұтпайсың. Мансабың өтеді де кетеді. Бүгін біз үшінші рет камбэк жасадық. Бір жеңіліс тауып, артынан қайта жеңіп жатырмыз. Бұл бекерден бекер емес. Бұл сәттілік емес. Бұл біздің деңгей, біздің шеберлік. Біз қайта орала аламыз. Біз мінезімізді көрсете алдық. Енді алда екі ойын ғана қалды. Жігіттер, жақсылап дайындалу керекпіз. Сәлден соң бәрі өз қолымызда болады", - деді бас бапкер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2041478-batyrlarym-menin-futbol-federaciyasy-prezidenti-ulttyq-quramany-quttyqtady-video/