"Ордабасы" футбол клубына жаңа басшы келді
Опубликовано:
Асхат Сейсембек шымкенттік "Ордабасы" футбол клубының президенті болып тағайындалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Ордабасының" Instagram желісіндегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Асхат Рашидұлы 3 маусымнан бастап "Ордабасы" футбол клубының президенті қызметіне кіріседі. Біз Асхат Рашидұлының бастамасын асыға күтеміз және оның басшылығымен клуб жаңа белестерді бағындыратынына сенім білдіреміз", - делінген хабарламада.
"Ордабасының" ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Асхат Рашидұлы Сейсембек 1984 жылы 22 қазанда Павлодарда дүниеге келген. Ол 2002-2006 жылдар аралығында "Тобыл" (Қостанай), "Химик" (Степногорск) және "Ертіс-2" (Павлодар) футбол клубтарында жартылай қорғаушы ретінде өнер көрсетті.
Кәсіби қызметі:
- 2006-2007 жылдары: Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде заңгер-кеңесші;
- 2007-2008 жылдары: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі спорт комитеті төрағасының кеңесшісі;
- 2008-2011 жылдары: "2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы" АҚ басқарушы директоры;
- 2008-2012 жылдары: Халықаралық спорт федерациялары бас қауымдастығының (GAISF) Орталық Азия аймағы бойынша Президентінің кеңесшісі Хайн Вербругген;
- 2011-2012 жылдары: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің кеңесшісі;
- 2012-2013 жылдары: Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Спорттық инфрақұрылым департаментінің директоры;
- 2012-2014 жылдары: "Unifight" әмбебап жекпе-жек Азия федерациясының президенті;
- 2014-2015 жылдары: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары;
- 2017-2020 жылдары: "Алтай" атлетика клубының атқарушы және спорттық директоры;
- 2018 жылдан бастап: Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы;
- 2019 жылғы 15 шілдеден бастап: Азия жеңіл атлетика қауымдастығының жарыс комиссиясының мүшесі;
- 2020 жылғы 22 шілде: "Туризм және спорт саласын қолдау қоры" корпоративтік қорының бас директоры.
Еске салайық, осыған дейін "Ордабасы" футбол клубының президенті болған Бауыржан Абдубаитов денсаулығына байланысты қызметінен кеткен еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/football/2105373-ordabasy-futbol-klubyna-zhanga-basshy-keldi/