Футболдан Еуро-24 додасы барысында D тобының екінші турында Аустрия мен Польша құрамалары кездесіп, аустриялықтар 3:1 есебімен басым түсті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ойын есебін аустриялықтар ашты. Қорғаушы Филлипп Мвененің айып алаңынан шетінен әуелетіп көтерген добын Гернот Траунер баспен ұрып, матчтың 9-минутында гол соқты.
Өз қақпасына гол жіберіп алған Польша құрамасының ойыншылары қарсылас қақпасына шабуылдарды үдете түсті. Нәтижесінде ойынның 30-минутында айып алаңының ішіндегі допқа талас кезінде шабуылшы Кшиштоф Пентек бәрінен де ерте қимылдап, қақпаға дәл соққы жасап, есепті теңестірді.
Ал үзілістен кейін 66-минутта Аустрия құрамасының жартылай қорғаушысы Кристоф Баумгартнер екінші таймда ойынға қосылған Александер Прасстың пасын пайдаға асырып, гол соқты.
Ойынның 78-минутында Аустрия құрамасының ойыншысы Марсель Забитцерге қарсылас команданың қақпасына жақындаған кезде қақпашы Войцех Щенсы оған қарсы ойын ережесін бұзып, төреші пенальти белгілейді. Пенальтиді мүлтіксіз орындаған Марко Арнаутович есепті 3:1-ге жеткізеді.
Ал өткен турда Аустрияны 0:1 есебімен ұтқан Франция мен Польшадан 1:2 есебімен басым түскен Нидерланд турнирлік кестеде алдыңғы орындарды бөлісіп тұр. D тобының қос мықтысы бүгін кездеседі, матч сағат 00:00-де басталады.
Айта кетейік, бұл топтағы үшінші тур ойындары 25 маусым күні өтеді. D тобының соңғы ойынында Нидерланд мен Австрия, Франция мен Польша құрамалары кездеседі.
Еуропа біріншілігі 14 шілдеге дейін жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2122002-euro-2024-austriia-quramasy-polsha-qaqpasyna-ush-gol-salyp-zhengiske-zhetti/