
Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалында Португалияны жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Матчтан кейін Қазақстанның бас бапкері Рикардо Кака пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткен матчта Қазақстан құрамасы есеп ашты. Ойынның 10-минутында Шыңғыс Есенаманов Қазақстан құрамасын алға шығарды. Ал матчтың 20-минутында Португалия құрамасының ойыншысы Зики Те есепті теңестірді. Ал 39-минутта Дәурен Тұрсағұлов жеңіс голын соқты.
"Мұндай керемет эмоция сезінбеген едім. Бұрын да жеңіс пен жеңілістер болған, бірақ дәл бүгінгідей жеңісті сезбедім. Бірақ біз әлі жарысты ұтқан жоқпыз. Әрине, бұл өте жақсы. Бірақ біз тек бір кезеңнен ғана өткенімізді ескерейік. Енді алдағы қарсыластарымызға дайындалуымыз қажет. Қуанышымызды тез басып, келесі ойынға дайындалу керек.
Бұл Қазақстанның және бізді қолдап жатқан Өзбекстанның да жеңісі. Бразилиядан да хаттар келіп, жігіттерімізге сәттілік тілеуде. Плей-оффқа тоқталсақ, ерте кезеңде-ақ әлемдегі ең мықты ұжымдардың жолдары түйісті. Қуанышымызға қарай, барлығы біздің пайдамызға шешілді", - деді бас бапкер.
Енді жерлестеріміз 30 қыркүйек күні Ташкент қаласында Аргентина мен Хорватияның қай жеңгенімен кездеседі. Айта кету керек, Аргентина құрамасы – әлемнің күміс жүлдегері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2166673-mundai-emotsiia-sezinbegenmin-bapker-kaka-portugaliiamen-matchtan-keiin-emotsiiasyn-zhasyra-almady/