Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Игита, Дуглас, Лео елді нағыз қазақтардай сүйеді": ұлттық құраманың бұрынғы бапкері жан сырын ақтарды

Жарияланған күні:

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы. Фото: Alex Caparros - FIFA/FIFA via Getty Images

Футзалдан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Какау командадағы үздік ойыншыларды атап өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Какау биылғы әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен үздік ойыншылар туралы пікір білдірді.

"Сөзсіз, Игита, Дуглас және Шыңғыс Есенаманов әлем чемпионаты барысында өте жақсы ойнады, бірақ біз жас ойыншыларды да мақтауымыз керек, олар әлем чемпионатының ауыртпалығын сезінген жоқ. Дәурен Тұрсағұлов пен Біржан Оразов жарақаттарына қарамастан ойнап, нағыз батырлар сияқты күресті. Мен үшін Ақжол Дәрібай мен Арнольд Кнаубтың ойыны үлкен тосынсый болды, олар өте жақсы өнер көрсетті. Ал ең үздік жас ойыншы деп күмәнсіз Ақжол Дәрібайды айтуға болады", - деді Какау.

Сонымен қатар Какау ұлттық құрамада өнер көрсететін Игита, Дуглас, Лео секілді бразилиялық ойыншылардың командаға тигізген үлесін атап өтті.

"Бұл сұраққа өте мұқият қарауымыз керек, себебі біз елді қорғауға шешім қабылдаған кезде, автоматты түрде туған жерімізде ойнаудан бас тартамыз. Ал бізді қабылдаған және отбасымызға жақсы өмір сыйлаған елді таңдаған кезде, бұл алғыс білдіруіміз керек. Өзім туралы айтсам, мен Қазақстанда 11 жыл жұмыс істедім, сондықтан мен ол елді Бразилиядан артық жақсы көремін. "Неге Какау осылай дейді?" - деп сұрасаңыз, мен сізге жауап бере аламын. Мен Қазақстанда барлық кубокты жеңдім – ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де. Дәл осы ел менің табысқа жетуіме барлық мүмкіндікті сыйлады, сондықтан мен әрқашан Қазақстанды өз елім деп айтып келемін, сол елдің туын қорғап, құрметтеймін. Қазақстанның әнұраны ойнағанда, мыңдаған шақырым жерде болсам да, ерекше сезімге бөленемін. Сол себепті Игита, Дуглас және Лео бұл елді нағыз қазақтардай сүйеді және өз өмірлерін осы халық үшін арнайды", - деді Какау.

Айта кетейік, Какау футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін 2013-2018 жылдары аралығында атқарды. Ол ұлттық құраманың бапкері ретінде 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.

Қазіргі таңда Рикардо Кака баптайтын Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы әлем чемпионатының ширек финалында Аргентинаға 1:6 есебімен есе жіберген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2168620-igita-duglas-leo-eldi-nagyz-qazaqtardai-suiedi-ulttyq-quramanyng-buryngy-bapkeri-zhan-syryn-aqtardy/