
Қарағандылық "Шахтер" футбол клубының жаңа атқарушы директоры тағайындалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Шахтердің" Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев клуб басшылығын сынға алып, команданы қазіргі дағдарыстан алып шығудың жолын табуды тапсырған еді. Алайда "Шахтер" биылғы Қазақстан чемпионатында соңғы орын алып, Бірінші лигаға төмендеді. Бұл клуб тарихында болмаған жағдай.
Директорлар кеңесінің шешімімен Талғат Дүйсеков жаңа атқарушы директор болып тағайындалды. Ол – кәсіпкер, қоғам қайраткері және меценат. Cпорт менеджменті саласында тәжірибесі бар. 2022-2023 жылдары Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына кіретін Асық ату федерациясын басқарған. Аз уақытта ұйымның құрылымын жаңартып, тұңғыш рет Асық атудан Азия чемпионатын өткізген.
"Оның басты міндеті – "Шахтерді" қазіргі тығырықтан шығарып, клуб жұмысын қайта құру, тың күш беріп, әлеуетін күшейту. Облыс әкімінің тапсырмаларын ескере отырып, бір айдың ішінде клубтың даму стратегиясын дайындау", - делінген клуб хабарламасында.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан чемпионатының соңғы, 26-туры 10 қарашада өтеді. Бұл күні "Атырау" – "Қайрат", "Астана" – "Жетісу", "Қайсар" – "Тобыл", "Ақтөбе" – "Тұран", "Ордабасы" – "Елімай", "Жеңіс" – "Қызылжар" мачтары болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2183234-tarihi-antirekord-zhasagan-shahter-futbol-klubynyng-basshylygy-auysty/