Алматылық "Қайрат" клубының ресейлік қақпашысы Вадим Ульянов команданың биылғы маусымда чемпион атануына бұрынғы бапкер Александр Кержаковтың да үлкен үлес қосқанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Championat.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Әрине, Александр Кержаков "Қайраттың" чемпион атануына үлкен үлес қосты. Бізде бір маусымда үш бапкер ауысты, олардың әрқайсысы осы чемпиондыққа өз үлесін қосты десек те болады. Сондықтан олардың ішінен біреуін бөліп-жарып айту қиын. Мен барлығына өте ризамын, бұл – олардың да жеңісі. Кержаков Александр Анатольевич те алтын медаль алады деп үміттенемін ", - деді Вадим Ульянов.
Кеше, 10 қарашада футболдан Қазақстан премьер-лигасының 24-туры аясында алматылық "Қайрат" сырт алаңда "Атырау" командасын 1:0 есебімен жеңген болатын. Осылайша "Қайрат" футбол клубы турнир кестесінде 47 ұпай жинап, ел біріншілігінің биылғы чемпионы атанды.
Еске сала кетейік, Александр Кержаков мамырдың соңында "Қайрат" футбол клубының бас бапкері қызметіне тағайындалған болатын. Алайда ол араға 97 күн салып, қыркүйектің басында бұл қызметтен кеткен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2185610-kerzhakov-ta-altyn-medal-alsa-deimin-qairat-oiynshysy-reseilik-bapkerding-engbegin-bagalady/