Ресейлік комментатор Влад Арапов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің командадағы болашағына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sportnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кеше, 17 қарашада футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңі аясындағы соңғы 6-турда Норвегиядан 0:5 есебімен ұтылған болатын.
"Менің ойымша, Станислав Черчесовке тағы бір мәрте мүмкіндік беру керек. Бұл пікірді мен ресейлік болғандықтан немесе Черчесов 2018 жылғы әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткені үшін айтып отырған жоқпын. Қазақстан құрамасының ойыншыларына қарасақ, шын мәнінде, ерекше жетістіктер күту қиын. Мысалы, Бақтиер Зайнутдинов осы маусымда "Бешікташ" сапында бар-жоғы 5 минут ойнады. Бұл мүлдем жеткіліксіз. Абат Айымбетовтің физикалық дайындығы мәз емес. Ол Ұлттар лигасының былтырғы маусымында тамаша өнер көрсеткенімен, қазір сол деңгейден айырыла бастағандай.
Жастар құрамасында ұлттық құрама деңгейіне көтерілуге дайын ойыншылар жеткіліксіз. Қазір команда буын алмастыру кезеңін бастан өткеріп жатыр. Барлық кінәні Черчесовтің мойнына арту дұрыс емес. Мен Қазақстан құрамасының болашағына қарап, бас бапкерге уақыт беруді жөн санаймын. Әлем чемпионатына іріктеу ойындары әлі алыс. Осы уақыт аралығында Қазақстан мен басқа чемпионаттарды аралап, Черчесовке ыңғайлы құрам жасақтауға болады. Меніңше, Черчесовпен қоштасуға әлі ерте", - деді Влад Арапов.
Айта кетейік, Ұлттар лигасының келесі маусымы 2026 жылдың қыркүйегінде басталады. Ол арқылы Қазақстан құрамасы Еуро-2028 іріктеу кезеңіне қосымша мүмкіндік ала алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2188755-mumkindik-beru-kerek-reseide-bas-bapkerding-quramadagy-bolashagyna-qatysty-pikir-bildirdi/