Спорт

Зектілері

БАҚ: Футболдан Ресей құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына қатыспайды

Жарияланған күні:

Футболдан Ресей құрамасы
Футболдан Ресей құрамасы. Фото: instagram.com/teamrussia

Ресей футбол құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінің жеребесіне қатыстырылмайды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Матч ТВ" телеарнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жеребе тарту рәсімі 13 желтоқсанда Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді. Еуропадағы іріктеу турнирі 2025 жылдың наурызында басталып, 2026 жылдың наурызына дейін жалғасады.

"Әлем чемпионаты іріктеу кезеңінің жеребесіне Ресей құрамасының қатысуына рұқсат берілмейді. Команда қауіпсіздік мәселелеріне байланысты іріктеу кезеңінде бақ сынай алмайды. УЕФА мен ФИФА Ресей футбол одағы шеттетілгеннен бері пікірлерін өзгертпей келеді. Команда әлем чемпионатына жолдама алуға үміттене алмайды", - деді "Матч ТВ" дереккөзі.

Телеарнаның тағы бір дереккөзі Ресей құрамасын еуропалық аймақ іріктеуіне қатыстыруға минималды мүмкіндік бар екенін атап өтті.

"Құрама жеребеден өтпесе де, іріктеу басталғанға дейін команданы іріктеу тобына қосуға минималды мүмкіндік сақталады. Бірақ мұндай жайтқа үміт артудың қажеті жоқ", - деді дереккөз.

ФИФА мен УЕФА 2022 жылы Ресей құрамалары мен клубтарын турнирлерге қатысудан белгісіз мерзімге шеттеткен. Ресей құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі плей‑оффқа қатыса алмады, 2024 жылғы Еуропа чемпионатын және екі Ұлттар лигасын жіберіп алды.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнирге Еуропадан 16 құрама қатысады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2189289-baq-futboldan-resei-quramasy-2026-zhylgy-alem-chempionatyna-qatyspaidy/