Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Sportnews.kz сайтына берген сұқбатында футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің жұмысына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Футболдан Қазақстан құрамасы Станислав Черчесовтің жетекшілігімен УЕФА Ұлттар лигасы турнирінде өткізген 6 матчында бірде-бір гол соға алмады, ал өз қақпасына 15 гол жіберіп алды.
"Жақсы тәжірибесі бар, танымал бапкер екі айда ұлттық құраманы жоғары деңгейге көтереді деген үміт көпшіліктің көкейінде жүргенін түсінемін. Бірақ шындыққа тура қарау керек: біз ешқашан футбол үздігі болған емеспіз. Екі айдың ішінде құрамамыз мықты командаға айналып, қарсыластарды оңай жеңеді деп күту – бұл біздің аңғалдығымыз", - деді Павел Казанцев.
Депутаттың айтуынша, ресейлік маманға бәсекеге қабілетті команда құру үшін уақыт қажет.
"Черчесов небәрі бірнеше ай ғана жұмыс істеп үлгерді. Ол Ұлттар лигасының В дивизионында сынға түсетін шақта тағайындалды. Мұндай қысқа мерзімде нәтиже талап ету қисынсыз. Қанша қаласаңыз да, үш айда бала туа алмайсыз. Черчесов те Құдай емес. Ұлттық құраманың матчтарына барып, қолдау көрсету керек. Біз тек мықты командалар келгенде ғана алаңға барамыз, ал өз чемпионатымыздың деңгейіне назар аудармаймыз. Сол жерде ұлттық құраманың негізі қалануы керек. Бірақ жанкүйерлеріміз стадионға барудың орнына үйде отырып, Черчесовті сынайды. Эмоцияны шетке ысырып, бапкерге нақты жұмыс істеу мүмкіндігін беру қажеті", - деп түсіндірді депутат.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде Станислав Черчесовтің мемлекеттік тілге көзқарасы туралы дау-дамай да шыққан болатын.
"Бұл мәселені блогерлер басқаша жеткізді. Шын мәнінде, жағдай мүлдем басқаша болған. Бірақ адамдар сыни көзқараспен қарамай, эмоцияға беріліп, Черчесосвке қарсы науқан бастады. Бұл дұрыс емес. Черчесов Қазақстанға келгенге дейін де үлкен жетістіктерге жеткен маман. Мысалы, 2018 жылы Ресей құрамасын әлем чемпионатының ширек финалына шығарды. Оған дайындық үшін бір жылдан астам уақыт қажет болды. Сондықтан Черчесовтің жұмысына жыл бойы мүмкіндік беруіміз керек. Ал нәтиже болмаса, сол кезде нақты баға берерміз", - деп қорытындылады Павел Казанцев.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының жаңа маусымында 5 мәрте жеңіліс тауып, 1 тең нәтижеге қол жеткізді. Станислав Черчесов шәкірттері Норвегиямен алғашқы матчта тең ойнаса (0:0), екінші матчта ірі есеппен жеңілді (0:5). Аустрияға қарсы екі ойында да жеңіліс тапты (0:4, 0:2) және Словенияға екі рет есе жіберді (0:3, 0:1).
Ұлттар лигасының келесі маусымы 2026 жылдың қыркүйегінде басталады. Ол арқылы Қазақстан құрамасы Еуро-2028 іріктеу кезеңіне қосымша мүмкіндік ала алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2190128-cherchesov-qudai-emes-mazhilis-deputaty-bas-bapkerding-zhaqsy-komanda-zhasaqtauyna-uaqyt-kerek-ekenin-aitty/