
Алматылық "Қайрат" футбол клубы бразилиялық шабуылшы Жоао Пауломен келісімшартын ұзартқанын мәлімдеді. Бұл ақпаратты KAZ.NUR.KZ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
36 жастағы бразилиялық футболшы Жоао Пауло "Қайрат" клубымен келісімшартын 2025 жылдың соңына дейін ұзартты.
"Келесі жылы да қарқыныңды төмендетпей, көп гол соғып, жанкүйерлерімізді қуанта беруіңе тілектеспіз", - делінген клубтың мәлімдемесінде.
Жоао Пауло алматылық "Қайрат" футбол клубы сапында 2021 жылдың жазынан бері өнер көрсетіп келеді. Өткен маусымда ол 17 гол соғып, "Қайраттың" үздік сұрмергені атанып қана қоймай, премьер-лигадағы ең нәтижелі ойыншылардың бірі ретінде танылды.
Ал биыл ол клуб сапында барлық турнирде 31 матч өткізіп, 14 гол соғып, 4 ассист жасаған. Ал Қазақстан премьер-лигасының биылғы маусымында 10 гол соғып, сұрмергендер тізімінде үздік үштікке енді.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан премьер-лигасының биылғы маусымында 47 ұпай жинаған алматылық "Қайрат" клубы чемпион атанса, ал 46 ұпай еншілеген "Астана" 2-орынды қанағат тұтты. "Ақтөбе" клубы 43 ұпаймен 3-орынға табан тіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2190579-qairat-kluby-qazaqstannyng-uzdik-surmergeni-atangan-braziliialyq-shabuylshyga-qatysty-malimdeme-zhasady/