Петропавлдық "Қызылжар" футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта алдын ала тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде клубтың бірнеше миллион қарызы туралы ақпарат жарияланған еді. Қылмыстық істе клубтың бұрынғы президенті Григорий Лорияның есімі аталған. Прокуратура тексеріс барысында бюджет қаражатының ұрланғанын анықтады.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы "Қызылжар" футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін растады.
"Қылмыстық істі тергеу шеңберінде Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасының талаптарына сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу туралы ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген прокуратура хабарламасында.
Осы жағдайға байланысты "Қызылжар" футбол клубы ЖШС-нің өкілдері де ресми мәлімдеме жасады.
"СҚО прокуратурасы мен экономикалық тергеу департаменті клубтың салықтық міндеттемелері бойынша қарыздарының себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу шараларын жүргізуде. Клуб тергеу органдарына барынша көмек көрсетуге және қалыптасқан жағдайды реттеуге қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын екенін білдіреді. "Қызылжар" футбол клубы ЖШС-нің басшылығы өз қызметінде ашықтық пен жауапкершілік қағидаларын қатаң ұстануды жалғастыруда", - делінген клубтың мәлімдемесінде.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан премьер-лигасының биылғы маусымында 29 ұпай еншілеп, турнир кестесінің 9-сатысына жайғасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2194148-birneshe-million-qaryzy-bar-qyzylzhar-klubynyng-basshylaryna-qatysty-qylmystyq-is-qozgaldy/