
Футболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Әділбек Жұмаханов "Атырау" клубынан семейлік "Елімайға" ауысты. Оған Бельгиядан ұсыныс түскен, бірақ футболшы отандық команданы таңдауды жөн көргенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Атыраудың" Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Осыған дейін БАҚ-та Әділбек Жұмаханов мансабын Бельгия чемпионатында жалғастыруы мүмкін екені туралы ақпарат тараған еді. Футболшы бұл ақпаратты растады.
"Маған Бельгия командасынан 1,5 жылдық ұсыныс түсті. Одан бөлек қазақстандық клубтардан да ұсыныстар алдым. Бірақ мен ата-анаммен ақылдаса келе, "Елімай" командасына ауысуды жөн көрдім", - деді Жұмаханов.
Әділбек Жұмаханов – Атырау футболының тәрбиеленушісі. Мансабын 2018 жылы "Атырау М" клубының құрамында екінші лигада бастаған. 2019 жылдың 10 қарашасында "Қайрат" клубына қарсы ойында Қазақстан Премьер лигасында дебют жасады. Ол биыл Премьер лигада 18 ойынға қатысып, 2 гол соқты. Сондай-ақ биыл қарашада футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында алғашқы ойынын өткізіп, Аустрия құрамасына қарсы матчта дебют жасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2196425-ata-anammen-aqyldastym-qazaq-futbolshysy-belgiiaga-barudan-bas-tartyp-otandyq-klubty-tangdady/