Ресейлік сарапшы Георгий Илющенко футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің биылғы жұмысын бағамдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Championat.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейлік сарапшы Георгий Илющенко Championat.com сайтына жариялаған "Ресейдегі жыл сюжеттері" топтамасында Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов туралы жазды.
"Магомед Адиев Қазақстан құрамасының нәтижелерін жаңа деңгейге көтерді. Оның басшылығымен команда Ұлттар лигасының екінші дивизионына шығып, Еуропа чемпионатына жолдама алу үшін соңғы кезеңге дейін күресті. Алайда кейін ол грозныйлық "Ахмат" клубының жаттықтырушысы қызметіне ауысып, ұлттық құраманы Станислав Черчесов баптауға кірісті.
Әзірге оның жетістіктері көңілден шығып жатқан жоқ. Иә, Ұлттар лигасындағы қарсыластар шынымен де мықты болды. Бұл командалардың бәрі Қазақстан құрамасынан шеберлік тұрғысынан жоғары. Бірақ бұл айырмашылық соншалықты үлкен емес. Өйткені бар болғаны бір ғана ұпай жинап, 15 гол жіберіп, өз қақпаларына бірде-бір гол соға алмау – үлкен сәтсіздік.
Сонымен қатар 2018 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына шыққан бапкер екі рет баспасөз мәслихатында қазақ тілі туралы сарказммен айтылған пікірлері үшін сынға ұшырады. Мұндай әрекеттері үшін жанкүйерлер разы болмады", - деп жазды Георгий Илющенко.
Айта кетейік, Станислав Черчесов биыл 3 маусымда ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалған.
Қазақстан құрамасы Станислав Черчесовтің жетекшілігімен Ұлттар лигасының жаңа маусымында 6 ойын өткізіп, 5 рет жеңілді және 1 мәрте қарсыласпен тең ойнады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2207336-ulken-satsizdik-reseilik-sarapshy-ulttyq-quramanyng-bapkeri-cherchesovting-biylgy-zhumysyn-bagamdady/