"Реал Мадрид" клубы мен Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем қазіргі таңда әлемдегі ең қымбат футболшылар рейтингінде бірінші орында тұр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Спорттық зерттеулер халықаралық орталығының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Дереккөздің мәліметінше, 21 жастағы жартылай қорғаушы Джуд Беллингем қазіргі уақытта әлемдегі ең қымбат футболшылар рейтингінде көш бастады.
"Реал Мадрид" пен Англия құрамасының жартылай қорғаушысы қазіргі уақытта 251,4 млн еуроға бағаланып отыр.
Джуд Беллингемнен кейінгі орында "Манчестер Сити" клубының норвегиялық шабуылшысы Эрлинг Холанд тұр (221,5 млн еуро). Ал "Реал Мадрид" клубының бразилиялық ойыншысы Винисиус Жуниор үздік үштікті түйіндеді (205,7 млн еуро).
"Барселона" мен Испания құрамасының 17 жастағы футболшысы Ламин Ямаль да қымбат ойыншылар қатарында 4-орынға жайғасқан: қазіргі уақытта ойыншы 180,3 млн еуроға бағаланып отыр. Ал 175,2 млн еуроға бағаланған "Реал Мадридтің" шабуылшысы Килиан Мбаппе 5-орыннан көрінді.
Еске салайық, әлемдегі ең қымбат ойыншы Джуд Беллингем Испания Суперкубогының жартылай финалдық матчында "Мальоркаға" қарсы өткен ойында гол соғып, командасына жеңіс сыйлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2210409-real-madridting-21-zhastagy-oiynshysy-alemdegi-eng-qymbat-futbolshy-atandy/