
Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары – Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің көмекшілері болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап хабарлайды.
ҚФФ-ның мәліметінше, Нұрбол Жәрдемұлы – премьер-лигада ең көп матч өткізген футболшы және үздік сұрмерген. Ол 526 кездесуде 167 гол соққан.
2001-2014 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап, 58 матчқа қатысқан.
2021-2023 жылдары Қазақстан жастар құрамасы бас бапкерінің көмекшісі болған.
Қазіргі уақытта Нұрбол Жұмасқалиев Қостанайдың "Тобыл" клубының бас бапкері қызметін атқарады.
Елдос Ахметов 2012-2022 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткен. 2024 жылы жастар құрамасының бас бапкерінің көмекшісі қызметін атқарып, ал сол жылдың қазан айында ұлттық құраманың бапкерлік штабына қосылған.
Айта кетейік, бұған дейін Әли Әлиев футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалғанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2216945-ulttyq-quramanyng-buryngy-tanymal-oiynshylary-futboldan-bas-bapkerding-komekshisi-bolady/