Қызылордадағы жаңа стадионның УЕФА лицензиясын алмағаны рас па: спорт басқармасы жауап берді
Жарияланған күні:
Қызылордадағы жаңа Kaysar Arena стадионы УЕФА тарапынан лицензиялаудан өтпегені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ОКҚ жанындағы Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жалған материалдар туралы хабарламаларды қабылдауға арналған арнайы чат-ботта жарияланған мәліметке сүйенсек, жекелеген БАҚ-та және әлеуметтік желілердегі парақшаларда Қызылорда қаласында салынған жаңа Kaysar Arena стадионы УЕФА тарапынан лицензиялаудан өтпегені туралы ақпарат таралып жатыр.
"Аталған мәлімет нақты жағдайда бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейді", - деп хабарлады орталықтан.
Қызылорда облысы әкімдігінің туризм және спорт басқармасының мәлімдеуінше, жобалық шешімдерге сәйкес Қызылорда қаласындағы жаңа стадион Қазақстан футбол федерациясынан лицензия алып, федерацияның ресми сайтында 4-санатты стадион ретінде UEFA Time сертификаттау бағдарламасына енгізілген.
УЕФА-ның 2018 жылғы "Стадион инфрақұрылымы регламентіне" сәйкес, 4-санат стадиондар үшін ең жоғары санат болып табылады.
"Стадионды тексеру – УЕФА-ның уәкілетті өкілдерінің нысанды тікелей бағалауын қамтитын рәсімдік кезең болып табылады және ол осы жылдың сәуір-мамыр айларына жоспарланған.
Сонымен қатар стадионның ойын алаңы ФИФА тарапынан тестілеуден өтіп, ең жоғары деңгейдегі FIFA QUALITY PRO сертификатына ие болған. Бұл нысанда халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге мүмкіндік бар екенін растайды", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/football/2332461-uefa-litsenziiasyn-almagan-qyzylorda-biligi-qaladagy-zhanga-stadionga-bailanysty-malimdeme-zhasady/