"Тоттенхэмнің" экс-директоры Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы болды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеті аустралиялық функционер Скотт Энтони Муннды бас хатшы лауазымына тағайындауды мақұлдады, деп хабарлайды ҚФФ-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Бұл тағайындау қазақ футболы тарихында алғаш рет болып отыр. Федерация басшылығына Англия Премьер-лигасында жұмыс өтілі бар, Еуропаның беделді клубтық турнирінің бірінде жеңіске жеткен тәжірибелі маман тағайындалды.
Скотт Мунн федерацияның жаңа басшылығы бастаған реформаларды жалғастырады. Оған төрешілік жүйесін жетілдіру, академиялар мен инфрақұрылымды дамыту, клубтарды басқару және лицензиялау стандарттарын арттыру, тұрақты коммерциялық және медиа базаны қалыптастыру, сондай-ақ УЕФА және ФИФА ұйымдарымен ынтымақтастықты күшейту міндеті қойылды", - делінген хабарламада.
Скотт Мунн бұл лауазымды 2030 жылғы 12 шілдеге дейін атқарады. Ал қызметіне 2026 жылғы 13 шілдеден бастап кіріседі.
"Осындай маңызды кезеңде Қазақстан футбол федерациясының құрамына қосылғаныма қуаныштымын. Президент Марат Омаров айқындаған бағыт пен федерацияның атқарған ауқымды жұмыстары маған үлкен әсер қалдырды. Елдегі футболды дамытуға үлес қосу үшін клубтармен де, халықаралық деңгейдегі әріптестермен де тығыз жұмыс істеуге асықпын", - деді Скотт Мунн.
Айта кетейік, 2023-2025 жылдар аралығында Скотт Мунн "Тоттенхэмде" футбол директоры қызметін атқарды, ол академия, ерлер мен әйелдер командаларын қоса алғанда, бүкіл футбол құрылымын басқарды. Осы уақыт ішінде лондондық клуб 2024/25 жылғы УЕФА Еуропа лигасында жеңіске жетіп, Англия лигасы кубогының жартылай финалына шықты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/football/2370737-tottenhemning-buryngy-direktory-qazaqstan-futbol-federatsiiasynyng-bas-hatshysy-bolyp-tagaiyndaldy/