Бразилиялық аралас жекпе-жек шебері Дуглас Рибейро Қазақстанға келу себебі мен жеке өмірі жайында айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sport Plus Qazaqstan телеарнасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Пума" лақап атымен танымал бразилиялық файтер Дуглас Рибейро бірнеше жылдан бері Қазақстанда тұрады. Ол аралас жекпе-жектегі мансабын неліктен Қазақстанда жалғастыруды шешкенін сөз етті.
"Менің негізгі мектебім – кикбоксинг. Мен Шавкат Рахмоновты көргенде, Қазақстанда ММА мектебі мықты екенін білдім. Біз қазір Шавкат екеуіміз бірге жаттығамыз. Қазақстанда жаттығу мен үшін қолайлы. Сондықтан осында келдім", – деді бразилиялық файтер.
Сондай-ақ Дуглас ислам дінін қабылдап, қазақ қызына үйленген.
"Желтоқсан айында үйлендім, жұбайым – қазақ. Жұбайымның ата-анасы мені ұнатады. Мен енді "күйеу баламын". Біз ақырындап үйренісіп жатырмыз, алғашқы пәтерімізді сатып алдық. Қасиетті Рамазан айында жұбайымды Бразилияға алып барамын.
Әйеліммен 2022 жылдың мамыр айында сауда орталығында таныстық. Кейін сөйлесе бастадық, ол да мұсылман. Біз 2023 жылы 20 желтоқсанда неке қидық, мешітте неке рәсімін өткіздік. Енді Бразилияға барып, сол жерде үйлену тойын өткізуді жоспарлап отырмыз, ал Қазақстанға оралғаннан кейін үлкен той жасаймыз", – деді Дуглас.
Айта кетейік, Дуглас Рибейро 24 ақпанда NAIZA 57 турнирінде Қытайдағы этникалық қазақ Тайлақ Нұражымен жекпе-жекке шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2060634-islam-dinin-qabyldap-qazaq-qyzyna-uilengen-braziliyalyq-faiter-qazaqstandagy-omiri-zaily-aitty/