Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов аяғына ота жасатпақ. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жалғас Жұмағұловтың Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"8 наурызда ота жасатуға барамын. Жақында қатарға қосыламын, иншалла", – деп жазды қазақстандық файтер Instagram-дағы Stories-ке.
Айта кетейік, 24 ақпанда Алматыда өткен Naiza 57 турнирінің басты жекпе-жегінде Жалғас Жұмағұлов АҚШ өкілі Кливленд Маклинпен кездескен еді. Жекпе-жек барысында қазақстандық файтер аяғын сындырып алды. Бірақ соған қарамастан белгіленген уақыт аяқталғанша өнер көрсетіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен болатын. Осылайша 35 жастағы қазақстандық файтер мансабындағы 16-жеңісіне қол жеткізді. Ал Кливленд Маклин 12-рет жеңіліс тапты.
Еске салайық, Жалғас Жұмағұлов Naiza 57 турниріндегі жеңісінен кейін мәлімдеме жасаған еді.
"Бұл жекпе-жек барлығы басымызда, яғни түпсанамызда, ауырсыну уақытша екенін және соңғы нүкте маңыздырақ екенін көрсетті! Кез келген салада жолын бастайтындарға үлгі болғым келеді. Оңай болмайды, бірақ қиындықтар арқылы нәтижесі тәтті болады!" , – деп жазды Жұмағұлов Instagram парақшасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2064259-zalgas-zumagulov-ayagyna-ota-zasatatynyn-aitty/