
Бірмандатты округ бойынша сайланған мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов премьер-министр Олжас Бектеновке ММА спортын мемлекеттік қолдауға қатысты депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚР Парламенті мәжілісіне сілтеме жасап хабарлайды.
Данияр Қасқарауов ММА спорты қазіргі таңда елімізде қарқынды дамып келе жатқанын, бірақ жастарды теріс бағытқа бұрып, жеке мүддеге жұмыс істейтін "сайқымазақтардың шоуы" көбейгенін де айтты.
"Қазақ жастарының арасында аралас жекпе-жек, ал қоғамда ережесіз жекпе-жек аталып кеткен ММА спорты күн санап қарқынды дамып келеді. Мысалы, 90-жылдардың басында таеквондо, каратэ, кунг-фу секілді жекпе-жектер кең таралса, қазір жастарымыздың арасында ММА деген спорт түріне сұраныс артты. Бұл жақсы үрдіс. Өйткені кез келген спорт өскелең ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиелеуіне ықпал етеді.
Дегенмен соңғы кезде бұл спорт түрін жеке мүддесіне пайдаланғысы келетіндердің қатары көбейді. Олардың ойы – спортты дамыту емес, өз мүддесіне пайдалану. Көбінің спортқа еш қатысы жоқ азаматтар. Соның салдарынан спорт атына сай келмейтін жекпе-жек атын жамылған "Поп-ММА", "Ruh Fighting" секілді сайқымазақтардың шоуы көбейді. Олар арзан күлкі мен атақ үшін абыройларын төгуде. Тіпті былапыт сөз бен бейәдеп қылық көрсетіп, жастарды теріс жолға тәрбиелеп жатыр деуге негіз бар. Білекті де жүректі жауынгерлер қатысатын аралас жекпе-жек өнерін мазақ қылып, шаршы алаңды шоуға айналдыруда. Бұл өскелең ұрпақтың сана-сезімін бұзып, тілімізді шұбарлатады", - деді Данияр Қасқарауов.
Осыған байланысты мәжіліс депутаты аталмыш спорт түрін бір арнаға тоғыстыратын ММА қауымдастығын құру қажет екенін жеткізді.
"ММА спортымен шұғылданатын қайсар ауыл жастар көп. Олардың алды үлкен ареналарда өнер көрсетіп, топ жарып жүр. Бюджет қаржатансыз еліміздің атын шығаруда. Соларға еліктеп, көптеген жас өсіп келеді. Бірақ олардың басын біріктіріп, бір арнаға ұйыстыратын тәртіп болмай тұр. Сондықтан АҚШ, Қытай секілді алпауыт елдерде қарқынды дамып келе жатқан бұл спорт түрі бойынша бірізді мемлекеттік қолдау саясатын қалыптастыруымыз керек. Екіншіден, отандық ММА қауымдастығын құру қажет", - деді Данияр Қасқарауов.
Айта кетейік, 20 қазанда қазақстандық файтер Асу Алмабаев (20-2) АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін UFC Fight Night 245 турнирінде өнер көрсетеді.
Сондай-ақ тағы бір қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов 7 желтоқсанда UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммадпен жекпе-жек өткізеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2174972-saiqymazaq-shouy-kobeidi-mazhilis-deputaty-mma-sportyn-zhuieleu-qazhet-ekenin-aitty/