UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммад қазақстандық Шавкат Рахмоновқа қарсы жекпе-жек туралы өз ойын ортаға салды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ MMA Junkie сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Белал Мухаммад келесі жекпе-жегіне қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмоновқа үлкен қиындық туғызатынын айтты.
"Шавкат мығым, психологиялық тұрғыдан мықты деп айтсам болады. Егер шыдамдылық бойынша сынаққа түсу керек болса, ол көптеген қарсыласын тек өз ерік-жігерінің арқасында жеңіп кетер еді. Бірақ енді ол одан да мықты ерік-жігерге ие адаммен беттесейін деп тұр. Енді ол кері шегінбейтін, қиындыққа мойымайтын қарсыласпен айқасады.
Енді біз оның бұл сынаққа қалай жауап беретінін көреміз. Менің ойымша, ол UFC-де мұндай сынаққа тап болмаған. Ол әрдайым басымдыққа ие болды. Бірақ енді ол біраз қиналады. Кездесу соңғы раундтарға дейін барады. Енді бәрі қиындай түскенде, тыныс алуы қиындаған кезде, шаршаған сәтте, ол не істей алар екен?" - деді Белал Мухаммад.
Белал Мухаммад өз тәжірибесіне сүйене отырып, мұндай қиындықтарды жеңе алатынын айтты. Өйткені ол бұрын осындай жағдайларды бастан өткерген. Ал Шавкат Рахмонов UFC-де бес раундқа жоспарланған жекпе-жекке әлі шыққан жоқ.
"Ол ешқашан менімен кездескен жоқ. Сенің кім екенің маған бәрібір. Менімен шайқасқан кез келген адам шаршайды. Менің қарқыным басқа деңгейде. Сен оны бұрын көрмегенсің", - деді Белал Мухаммад.
Айта кетейік, 12 қазанда UFC президенті Дана Уайт Instagram желісіндегі ресми парақшасында қазақстандық Шавкат Рахмонов (18-0) пен промоушеннің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммад (24-3) 7 желтоқсанда Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтетін кеште кездесетінін мәлімдеген болатын.
Шавкат Рахмонов соңғы алты жекпе-жегін мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтаған. Соңғы рет ол 2022 жылдың желтоқсанында америкалық Стивен Томпсонды (17-7-1) тұншықтыру әдісімен жеңген болатын. Ал Белал Мухаммад шілдеде Манчестерде өткен UFC 304 турнирінде Леон Эдвардсты төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіп, UFC чемпионы атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2175840-sening-kim-ekening-magan-baribir-shavkattyng-qarsylasy-zhengiske-zhetetinine-senimdi/