
ММА жауынгері Жалғас Жұмағұлов Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұқбатында UFC файтерлері Асу Алмабаев пен Шавкат Рахмоновтың алдағы жекпе-жектеріне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
- ММА жауынгері Жалғас Жұмағұлов Асу Алмабаевтың UFC Fight Night 245 турнирінде Матеус Николауға қарсы жеңіске жету мүмкіндігі жоғары екенін айтты.
- Жұмағұловтың айтуынша, Шавкат Рахмоновтың UFC 310 турнирінде Белал Мухаммадқа қарсы жеңіске жету мүмкіндігі де жоғары, себебі Рахмоновтың соққысы мықты және күресу қабілеті жақсы.
- Алмабаев соңғы жекпе-жегінде Хосе Джонсонды жеңсе, Рахмонов соңғы алты жекпе-жегін мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтаған.
Асу Алмабаев 19 қазаннан 20 қазанға қараған түні Лас-Вегаста өтетін UFC Fight Night 245 турнирінде румыниялық Матеус Николауға қарсы кездесу өткізеді.
Ал UFC-дің бұрынғы жауынгері Жалғас Жұмағұлов қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың жеңіске жетудегі мүмкіндігін жоғары бағалады.
"Асудың жеңіске жету үшін барлық мүмкіндігі бар. Қарсыласы бұрындары бірнеше рет нокаутқа түсіп, қатты соққылар алған. Асу Алмабаевтың күресі мықты, физикалық дайындығы жоғары, тыныс алуы да жақсы. Оның қарсыласы екінші раундтан кейін шаршап, қарқыны бәсеңдейді. Көбіне екінші нөмірмен жұмыс істеп, қашуға бейім болады. Тек бәрі жақсы болса, Асу жеңіске жетеді деп ойлаймын", - деді Жалғас Жұмағұлов.
Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммадқар қарсы 7 желтоқсанда Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) өтетін UFC 310 турнирінде кездесу өткізеді. Осы орайда Жалғас Жұмағұлов қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмоновтың соққысының мығым екенін атап өтті.
"Шавкатқа келсек, оның да жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Белал Мухаммад бұған дейін құлаған, ал Шавкат соққы жасауға шебер. Мухаммадтан күрес тұрғысынан қауіп көріп тұрған жоқпын, себебі Шавкаттың өзі де жақсы күреседі. Оның қол-аяғы ұзын, оларды тиімді пайдаланады. Белал соққы жасауда шебер емес", - деді Жалғас Жұмағұлов.
Айта кетейік, Асу Алмабаев соңғы рет октагонға биылғы жылдың маусым айында UFC on ESPN 58 турнирінде шыққан болатын, онда Хосе Джонсонды (20-2) төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңген.
Шавкат Рахмонов соңғы алты жекпе-жегін мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтаған. Соңғы рет ол 2022 жылдың желтоқсанында америкалық Стивен Томпсонды (17-7-1) тұншықтыру әдісімен жеңген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2176044-shavkat-pen-asu-zhengedi-ufc-ding-buryngy-faiteri-aldagy-zhekpe-zhekter-turaly-pikir-bildirdi/