
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев UFC-дегі кезекті жеңісінен кейін промоушен президенті Дана Уайтқа үндеу жасады. Ол чемпиондық белбеуге таласуға мүмкіндік беруді сұраған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Күні кеше Асу Алмабаев бразилиялық файтер Матеус Николауға (19-4-1) қарсы жекпе-жек өткізді. Үш раундқа жоспарланған кездесуде қазақстандық файтер төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетті.
Жекпе-жектен кейін Асу Алмабаев промоушен президенті Дана Уайтқа үндеу жасады.
"Дана, Мик Мэйнард, маған чемпиондық белбеуге таласуға бір мүмкіндік беріңіздер. Бір ғана мүмкіндік. Мен дайынмын. Қазақстанға, еліме, бауырларыма рақмет. Қолдау көрсеткендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын", - деді ол.
Айта кетейік, Асу Алмабаев кеше кәсіби мансабындағы 21-жеңісіне қол жеткізді, ал Матеус Николау бесінші мәрте жеңіліске ұшырады. Сондай-ақ бұл Асу Алмабаевтың UFC-дегі төртінші жеңісі саналады.
Асу Алмабаев соңғы рет октагонға биыл маусым айында UFC on ESPN 58 турнирінде шыққан болатын, онда Хосе Джонсонды (20-2) төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2176472-asu-almabaev-ufc-degi-kezekti-zhengisinen-keiin-dana-uaitqa-undeu-zhasady/