
UFC-дің бұрынғы чемпионы Даниэль Кормье жартылай жеңіл салмақтағы чемпион Илия Топурияның (16-0) соққы күші әйгілі қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (42-2-1, 37 KO) деңгейінде екенін атап өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Жартылай жеңіл салмақта Топурия сияқты ұратын жігітті әлі көре қойған жоқпыз. Оның соққысы басқаларға ұқсамайды… Оның үстіне, көпшілік оның соққысы Геннадий Головкинге ұқсайтынын да айтты. Естеріңізде ме, Головкин ең алғашқы жекпе-жектерінде қалай қарсыластарын құлатып жүрген еді? Топурия да сондай", - деді Даниэль Кормье YouTube желісіндегі ресми арнасында.
Айта кетейік, Геннадий Головкин өз мансабындағы 42 жекпе-жегінде екі рет жеңіліп, бір рет тең түскен. Соңғы кездесуін қазақстандық боксшы 2022 жылдың қыркүйегінде мексикалық Сауль Альвареске (62-2-2) қарсы өткізген болатын.
Қазіргі уақытта атақты боксшы Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) президенті қызметін атқарып жүр. Ал UFC файтері Илия Топурия өз мансабында 16 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2180517-golovkinge-uqsaidy-ufc-chempionyn-qazaqstandyq-boksshymen-salystyrdy/