Премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының аралас жекпе-жекті (ММА) дамытуға қатысты сауалына жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ мәжілістің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжіліс депутаттары Данияр Қасқарауов, Елнұр Бейсенбаев, Ажар Сағындықова алпауыт елдерде қарқынды дамып келе жатқан MMA спорты бойынша бірізді мемлекеттік қолдау саясатын қалыптастыру және осы салада көп жыл еңбегі сіңген спортшыларға мемлекеттік қолдау қажет екенін айтып, үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған еді.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл сауалға жауап берді. Оның сөзінше, елімізде 2013 жылдан бастап ММА-ны ресми дамытуды аккредиттелген Қазақстан ММА аралас жауынгерлік жекпе-жегі бойынша біріккен федерациясы (бұдан әрі – ММА федерациясы) жүзеге асырады.
"2019 жылы спорт түрлерінің тізіміне "кәсіби ММА" спорт түрі енгізілді. Қазақстанда 4 халықаралық клуб қызметін жүзеге асырады (Alash Pride, ОCTAGON PROMOTION, Naiza Fighting Championship, Еркін Күш). Бұл клубтар жеке заңды тұлғалар болып табылады және жеке қаражат есебінен қаржыландырылады", - деді Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде елімізде 23 мыңнан астам адам шұғылданатын 592 секция жұмыс істейді. Оларды даярлаумен 193 жаттықтырушы айналысады. Өңірлерде аккредиттелген ММА федерациялары қызмет атқарады.
"Сонымен қатар облыстық жоғары спорт шеберлігі және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 13 ММА бөлімшелері (Абай, Атырау, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Шымкент қ.) ашылды. Оқу-жаттығу жиындары, Қазақстан Республикасының чемпионаттары, кубоктары тұрақты түрде өткізіледі. Барлығы 94 спортшыдан құралған ұлттық құрама командалары (оның ішінде юниорлар – 30 адам, жастар – 32 адам, ересектер – 32 адам) жыл сайын әлем және Азия чемпионаттарына қатысады", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр бүгінгі таңда ММА ұлттық командасы Азияда 1-орында және IMMAF-Халықаралық аралас жауынгерлік өнер федерациясының халықаралық ұйымына мүше 130 елдің ішінде әлемде 3-орында екенін айтты.
"Қазіргі уақытта мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Парламент мәжілісінің қарауындағы Заң жобасы шеңберінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын спорт түрлерін қысқарту жоспарлануда. Онда республикалық бюджет қаражаты есебінен тек ұлттық спорт түрлерін, Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық, Азиялық, Азия Пара ойындарының бағдарламаларына енгізілген және жоғары спорттық нәтижелері бар спорт түрлерін қаржыландыру жоспарлануда", - деді ол.
Олжас Бектенов баяндалған ақпарат негізінде бұл спорт түрін дамыту жұмыстарын ММА федерациясы жалғастыратынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2185815-mma-di-memleket-tarapynan-qarzhylandyru-premer-ministr-deputattarga-zhauap-berdi/