Қазақстан құрамасы Өзбекстанда ересектер мен жастар арасында аралас жекпе-жектен (ММА) өткен әлем чемпионатында 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан MMA федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ташкенттегі әлем біріншілігіне 70 елден 800-ге жуық спортшы қатысты. Бұл жарыста қазақстандық спортшы Мөлдір Әшірбекова тарихи жеңіске жетті. Ол жеңіл салмақтағы (74,8 кг) дивизионда бақ сынап, Қазақстан тарихындағы IMMAF әлем чемпионы атанған тұңғыш әйел болды.
"Жарысқа тынбай дайындалдым. Бірнеше оқу-жаттығу жиындары өтті. Жеке жаттықтырушыға, сондай-ақ ұлттық құраманың барлық жаттықтырушылар құрамына және Қазақстан ММА федерациясының басшылығына маған деген сенімі мен қолдауы үшін алғысымды білдіремін", - деді Алматы облысының тумасы Әшірбекова.
Сондай-ақ Ерлан Қабдулов 52,2 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Бұл қазақстандық спортшы үшін бесінші әлем чемпионаты. Осыған дейін ол күміс пен қола жүлде еншілеген еді.
"Биыл менің көптен күткен жеңісім! Мен көп күш жұмсағаннан кейін осындай нәтижеге қол жеткізе алғаныма өте қуаныштымын. Финалда қарсыласым өзбекстандық спортшы болды. Ол жеңіске жету үшін бар күшін салды. Осыған қарамастан, екінші раундта тұншықтыру әдісін қолдану арқылы жеңіске жеттім", - деді Қабдулов.
Қазақстан құрамасының спортшылары Шабдан Самғат пен Абылай Шәкірбеков турнирдің күміс жүлдесін қоржынға салды. Сондай-ақ, Неймат Асадов, Адель Мұхаметова, Дмитрий Ярков, Абай Елдос және Бачурина Матильда қола жүлде иеленді.
Әлем чемпионатында жастар құрамасы да табысты нәтиже көрсетті. Әлішер Қадыралиев алтыннан алқа тақса, Әсел Серікбаева, Қадырбек Шинбаев, Әли Мұсақұлов күміс жүлдегер атанды. Бұдан бөлек Аманжол Утесов, Мыңбосын Еркебұлан, Файзолла Бектас, Дінмұхамед Қуанғалиев қола жүлдеге қол жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2185862-qazaqstandyq-sportshylar-mma-dan-alem-chempionatynda-qansha-medal-enshiledi/