UFC-дің бұрынғы уақытша чемпионы Колби Ковингтон қазақстандық файтер Шавқат Рахмоновқа тағы да сын айтып, оны жекпе-жекке шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Колби Ковингтон Instagram желісіндегі ресми парақшасында жариялаған видеода қазақстандық жауынгер Шавқат Рахмоновты "лас егеуқұйрық" деп атап, әдеттегідей қатты сөздер айтты. Ол UFC президенті Дана Уайт пен вице-президент Хантер Кэмпбеллге хабарласып, жекпе-жек ұйымдастыруға ұсыныс тастайтын да айтты.
"Маған Рубинштейннің осы үлкен лас егеуқұйрық туралы твитін жаңа ғана көрсетті. Тыңда, балақай, өзіңе қажет нәрсені кез келген диалектіге аудартып ал да, оны басыңа киіп ал. Флоридадағы осы әдемі гольф алаңынан шыққаннан кейін Хантер мен Данаға қоңырау шаламын. Сонда кімнің шын мәнінде тек қаралым үшін айқайлайтынын бәріміз көреміз, есуас", - деді Колби Ковингтон.
Сонымен қатар бұл видеоның астына Шавкат Рахмонов та пікір қалдырып, кездесуге дайын екенін жеткізді.
"Кеттік, мен дайынмын. Сенің былапыт сөздерің саған октагонда көмектеспейді", - деп жауап қайтарды Шавкат Рахмонов.
Ал осының алдында Шавкат Рахмонов Х желісіндегі ресми парақшасында бәрі тек бос айқай салып жатқанын, ешкім нақты ұсыныс жасамағанын айтты.
"Бар еститінім – бос айқай! Ешқандай нақты ниет, еш әрекет жоқ. Тек медиа мен жанкүйерлерге арналған жасанды көрініс", - деп жазды Шавкат Рахмонов.
Айта кетейік, америкалық файтер Колби Ковингтон кәсіби мансабында 21 кездесу өткізіп, 17 жеңіске жетсе, 4 рет жеңіліс тапқан. Соңғы рет ол былтыр 16 желтоқсанда Леон Эдвардстан төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңілген болатын.
Қазіргі таңда ол UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде 6-орынға жайғасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2186094-ulken-egeuquiryq-ufc-ding-buryngy-chempiony-qazaq-faiteri-shavkat-rahmonovty-balagattady/