ММА сарапшысы, "Вестник ММА" жобасының жетекшісі Михаил Крамер қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмонов (18-0) UFC-дің жартылай орта салмақтағы бұрынғы чемпионы Камару Усманмен (20-4) кездесейтінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sportnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін жекпе-жек 7 желтоқсанда Лас-Вегаста (АҚШ) өтетін UFC 310 турнирінде өтуі мүмкін екені хабарланған болатын.
"Менің ойымша, бұл жекпе-жек болмайды. Шавкат Рахмоновтың командасы айтқандай, Усман жекпе-жектен бас тартқан сияқты. Нақтырақ айтсақ, олар Усманның "жекпе-жектен қашып жатқанын" айтып жатыр. Усман ерекше қаржылық талаптарды қойып жатқан көрінеді, ал UFC қазір қатарынан үш жеңіліске ұшыраған спортшыға ондай жағдай жасағысы келмейді. Шынын айтқанда, UFC Шавкаттың кез келген қарсыласпен кездесуіне онша қызығушылық танытып отырған жоқ", - деді Михаил Крамер.
Бұған дейін Шавкат Рахмоновтың осы салмақ дәрежесіндегі чемпион Белал Мухаммедпен (24-3) жекпе-жегі де өтпей қалған болатын.
"Шавкат үшін Белалды күту тиімді. Бұл – титулдық жекпе-жек және ешқандай артық тәуекел жоқ. Белалмен кездесу арқылы Шавкат бірден чемпиондық белбеу үшін күреседі. Ал Усман мықты қарсылас болса да, бұл кездесу тәуекелге толы. Ол бұған дейін Хамзат Чимаевқа лайықты қарсылық көрсеткен болатын және Шавкатпен бір залда жаттыққандықтан, оның әдіс-тәсілдерін біледі. Шавкат үшін ең тиімдісі – Белалды күту. Бірақ UFC шешіміне де тәуелдіміз. Егер UFC Шавкатқа жекпе-жек керек деп тапса, олар белгілі бір жеңілдіктерге баруы мүмкін", - деді ММА сарапшысы Михаил Крамер.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2023 жылы желтоқсанда өткізіп, америкалық спортшы Стивен Томпсонды екінші раундта ұтқан болатын. Қазақстандық файтер MMA-да 18 рет, UFC-де 6 рет жеңіске жеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2187359-zhekpe-zhek-bolmaidy-mma-sarapshysy-shavkat-rahmonovtyng-ufc-degi-kezdesuine-qatysty-pikir-bildirdi/