Спорт

Зектілері

"Мұхит асып, шетелде жұдырықтасқым келеді": Еркебұлан Тоқтар болашақ жоспарлары туралы айтты

Жарияланған күні:

Еркебұлан Тоқтар
Еркебұлан Тоқтар. Фото: instagram.com/erkebulan_toktar

Белгілі актер әрі аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар Nomad Fighting турниріндегі жеңісінен кейін болашақ жоспарлары туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Бүгін, 30 қарашада Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында аралас жекпе-жектен Nomad Fighting турнирі аясында қазақстандық Еркебұлан Тоқтар ресейлік Фарид Ядуллаевпен кездесті. Нәтижесінде Еркебұлан Тоқтар ресейлік қарсыласын бірінші раундтың бірінші минутында нокаутқа түсірді.

"Фара – өзіндік есімі бар, ММА-да тәжірибесі мол спортшы. Оның нокаутқа татитын соққылары бар, көптеген қарсыласын жеңген. Бұл жеңіс мен үшін маңызды болды", - деді Еркебұлан Тоқтар.

Сондай-ақ ол спорттағы мансабын ұзаққа созбай, 2-3 жылдан кейін аяқтайтынын айтты. Тіпті мұхит асып, шетелде жұдырықтасқысы келетінін де жеткізді.

"Мен бұл спорт түрін қатты ұнатпаймын. Жұмыс ауыр, көп уақыт алады. Сондықтан 2-3 жылдан кейін мансабымды аяқтап, актерлікке толығымен көңіл бөлгім келеді. Мұнда қалғым келмейді, шетелде өнер көрсеткім келеді. Сол үшін Майамиге бардым.

Мен мұхит асып, шетелде жұдырықтасқым келеді. Сол себепті де шетелде жаттығу жасап, өзімді дамыту үшін сонда бардым. Маған қай спорт түрі болсын, маңыздысы – шетелде өнер көрсету", - деді ол.

Жеңісінен кейін Еркебұлан Тоқтар табысы мен мотивациясы туралы да пікір білдірді.

"Гонорар маңызды емес, себебі кино саласынан жақсы табыс табамын. Маған қанша берсе де, барлығына ризамын. Бірақ мен тек актер ғана емес, кәсіби спортшы ретінде де мойындалғым келеді. Қазірдің өзінде маған спортшы ретінде құрметпен қарай бастады. Бірақ мен бұдан да жоғары жетістіктерге жетуді қалаймын", - деп түйіндеді Еркебұлан Тоқтар.

Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар мансабында 12 жекпе-жек өткізіп, 9 мәрте жеңіске жетсе, 3 рет жеңіліс тапқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2194652-muhit-asyp-shetelde-zhudyryqtasqym-keledi-erkebulan-toqtar-bolashaq-zhosparlary-turaly-aitty/