
Америкалық журналист әрі UFC комментаторы Лора Санко қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмоновқа деген ерекше құрметі мен қазақ мәдениетіне қызығушылығы туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ YouTube желісіндегі One On One | MMA арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Шавкат Рахмонов UFC-ге келмей тұрып, мен оның жанкүйері едім. Оны алғаш М-1 турнирлерінде көріп: "Уау, бұл керемет жігіт! Оның бойында ерекше бір нәрсе бар", - деп ойладым. Кейін ол жеңістерін атап өту үшін тымақ кигенде, бұл маған үлкен әсер қалдырды.
Шавкаттың UFC-дегі дебютіне дайындалу барысында мен өте толқыдым. Оның алғашқы жекпе-жегін асыға күттім. Оның ерекше талантын алғаш боп байқағаным үшін өзімді бақытты сезіндім, себебі ол кезде бұл жігітті ешкім білмейтін. Менде бір құпия бардай болды, сол құпияны әлемге паш еткім келді.
Оның жекпе-жектерінде бір ерекше құдірет бар еді. Ал Шавкаттың тым көп сөйлемеуі, тіпті ағылшын тілінде емес, жалпы аз сөйлейтіндігі оның айналасындағы құпияны күшейтті. Оның мәдениеті мен үшін тағы бір үлкен жаңалық болды. Қазақтың көшпелі мәдениеті жайлы ештеңе білмесем де, оған қызығып, өзім үшін жаңа әлем аштым.
Тіпті мен көшпенділер патшайымы туралы кітапты оқып шықтым! Бұл мәдениетке және Шавкат Рахмоновқа деген сүйіспеншілігім арта түсті. Ол өзінің жекпе-жектерімен ғана емес, ұлттық құндылықтарымен де ерекше", - деді Лора Санко.
Естеріңізге сала кетейік, Шавкат Рахмонов 8 желтоқсанда UFC 310 турнирі аясында ирландиялық файтер Иэн Мачадо Гэрримен жұдырықтасады. Жекпе-жек 5 раундқа жоспарланған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2196435-ozimdi-baqytty-sezindim-amerikalyq-zhurnalist-shavkat-rahmonovqa-degen-suiispenshiligi-turaly-aitty/