Жеңіліп көрмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров Youtube-тегі Naiza TV арнасына берген сұқбатында шәкіртінің жекпе-жек алдындағы денсаулығы туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Шавкат Рахмонов 8 желтоқсанда UFC 310 турнирінде ирландиялық Иэн Гэрримен күш сынасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен еді. Қазақстандық файтердің бапкері Эдуард Базров жекпе-жек алдында Рахмоновтың жағдайы қандай болғанын айтты.
"Осы жекпе-жек алдында Шавкаттың денсаулығы сыр берді. Біз бұл туралы ештеңе айтқан жоқпыз, жоспарланған жекпе-жекке шықтық. Мұндай жағдайда кез келген UFC жауынгері жекпе-жектен бас тартар еді. Мен тарқатып айтпаймын, бірақ Шавкаттың денсаулығында шынымен де үлкен мәселелер болды", - деді Базров.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов UFC 310 турнирінде аралас жекпе-жектегі мансабында 19, ал UFC-де 7-рет жеңіске жетті. Сондай-ақ ол қарсыласын алғаш рет мерзімінен бұрын емес, төрешілердің шешімімен жеңді.
Осыған дейін Иэн Гэрри желіде Шавкат Рахмоновқа қазақ тілінде үндеу жариялаған еді. Ол қарсыласына құрмет танытып, жеңісімен құттықтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2197944-densaulygy-syr-berdi-shavkat-rahmonovtyng-bapkeri-sportshynyng-zhekpe-zhek-aldyndagy-zhagdaiy-turaly-aitty/