
ММА сарапшысы әрі спорт комментаторы Исатай Мәди UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммад пен қазақстандық Шавкат Рахмонов арасындағы жекпе-жек туралы пікірін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sportnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Гэрримен болған жекпе-жек нәтижесіне қарасақ, Шавкаттың мүмкіндіктері сәл төмендегендей көрінеді. Өйткені Белал бұл жекпе-жекте Шавкаттың кейбір әлсіз тұстары мен олқылықтарын анық көріп, соларды өз пайдасына жарата алады. Ол енді бұл жекпе-жекке позитивті көзқараспен қарауы мүмкін. Әсіресе, күрес тактикасы тұрғысынан Белал көптеген дүниені назарға алған сияқты. Шавкатты бұл жерде айқын фаворит деп айту қиын, бірақ Белал да анық фаворит емес. Сонымен қатар бұл нәрсеге жекпе-жектің 5 раундқа созылып, көптеген кемшілік ашылғаны да әсер етті. Бұрын Иэн Гэрриге дейін жақсы нәтиже көрсеткен әдістер бұл жолы тиімсіз болды. Яғни Шавкаттың командасы Гэрримен болған жекпе-жектің қорытындысын қаншалықты дұрыс талдап, қажетті шешімдер қабылдайтыны маңызды", - деді Исатай Мәди.
Айта кетейік, бастапқыда Белал Мухаммад пен Шавкат Рахмонов арасындағы чемпиондық жекпе-жек 8 желтоқсанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді деп жоспарланған еді. Алайда Белал Мухаммадтың жарақатына байланысты бұл жекпе-жек кейінге қалдырылды.
UFC 310 турнирінде Шавкат Рахмонов өз кәсіби мансабындағы он тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді. Шавкат Рахмонов бұл кездесуде ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2200244-alsiz-tustaryn-kordi-mma-sarapshysy-shavkat-rahmonovtyng-ufc-chempionymen-kezdesuine-bolzham-zhasady/