Қазақстандық ММА жауынгері Дияр Нұрғожай (10-0) "Спорт Шредингер" сайтына берген сұқбатында UFС-дегі алғашқы жекпе-жегі туралы батыл пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Келісімшартқа қол қойғанымды бірінші болып Дана Уайттың өзінен білдім. Бұл шоудың (Dana White’s Contender Series) ерекшелігі сол – келісімшартқа қол қойған-қоймағаныңды бірден біле аласың. Ол менің атымды атаған кезде, мен оған UFC-де өзімді көрсетіп, біраз шулататынымды айттым.
UFC жауынгері болудың қандай екенін айтуға әлі ерте. Өйткені мен тек келісімшартқа қол қойдым. Маған сәл уақыт беріңіздер, екі-үш жекпе-жектен кейін бұл туралы нақты айтып бере аламын", - деді қазақстандық жауынгер.
Сонымен қатар Дияр Нұрғожай UFC-дегі алғашқы қарсыласы туралы пікір білдірді.
"Иә, қарсыласыммен аздап таныстым. Оның бірнеше жекпе-жегін көріп, кейбір тәсілдерін талдап алдым. Оны өзім үшін жеңіл қарсылас деп айта алмаймын. Кейбір адамдар "саған сәттілік серік болды" деп айтып жатыр. Бірақ оның жекпе-жектерін көрген адам оның өте қауіпті екенін түсінеді. Жалпы, бразилиялықтар өте қауіпті келеді. Төреші тоқтатпайынша немесе гонг соғылмайынша, оларға қарсы бәріне дайын болу керек. Олар өте айлакер. Сондықтан оны жеңіл қарсылас деп ойламаймын, ауыр жекпе-жекке дайындалып жатырмын", - деді Дияр Нұрғожай.
Айта кетейік, 16 наурызда Дияр Нұрғожай UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін бразилиялық Брендсон Рибейросына (16-7) қарсы өткізеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2209254-ufc-di-shulatamyn-qazaqstandyq-mma-zhauyngeri-promoushendegi-algashqy-qadamy-turaly-batyl-pikir-bildirdi/