Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров жеңіл салмақтағы UFC титулы үшін өтетін Ислам Махачев пен Арман Царукян арасындағы жекпе-жек туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sportnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Арман Царукян мен Ислам Махачев 18 қаңтарда Лос-Анджелестегі (АҚШ) UFC 311 турнирінде кездеседі. Махачев жеңіл салмақтағы чемпиондық атағын төртінші рет қорғамақ.
"Бір ай бұрын мен Ислам Махачевті айқын фаворит деп санаған едім, бірақ жекпе-жек жақындаған сайын, кездесу тең етуі мүмкін деген ой туындап жатыр. Мен Арман қалай дайындалып жатқанын көріп отырмын. ММА-мен айналысатын жігіттерден алған мәліметім бойынша, ол дайындық лагерін Эльбруста өткізген. Бұл күрес базасында бұрын біз де жаттыққанбыз. Қазір онда Хамзат Чимаев та дайындалып жүр.
Арманның алдағы жекпе-жекке өте байыпты қарайтыны байқалады. Онымен менің бұрынғы ұлттық құрамамдағы жаттықтырушым Владимир Модосян жұмыс істеп жатыр. Модосян мықты спортшы, өте күшті еркін күрес шебері, әлем чемпионы. Ол Арманмен бірге Эльбруста жаттығу лагерін өткізді. Оған Эдуард Вартанян мен тағы бірнеше жігіт қосылған. Сондықтан Царукян бұл жекпе-жекке өте үлкен жауапкершілікпен қарайды, ауыр дайындық кезеңінен өткен. Менің білуімше, ол қазір өте жақсы формада. Сол себепті қазіргі таңда екі спортшы тең болып тұр деп айтар едім", - деді Эдуард Базров.
Базровтың сөзінше, Арман Царукян кейінгі жекпе-жектерінде өте сәтті өнер көрсетіп, қауіпті жағдайлардан шыға білген.
"Оның Оливейрамен жекпе-жегін еске алайықшы. Менің ойымша, сол кезде болған жағдайдан көп адам шыға алмас еді. Сондықтан меніңше, жағдай 50/50. Өйткені екі спортшы да өте мықты. Әрине, чемпионның аты чемпион. Ол бекерден-бекер рейтингте көш бастап тұрған жоқ. Біз өте әсерлі әрі болжауға келмейтін жекпе-жекті көретінімізге сенімдімін. Алдағы кездесу Исламның пайдасына да, Арманның пайдасына да шешілуі мүмкін. Сондықтан мен бұл кездесуді асыға күтіп жүрмін", - деді Эдуард Базров.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов мамырда UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммадпен жекпе-жекке шығуы мүмкін екенін жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2210373-shavkat-rahmonovtyng-bapkeri-islam-mahachev-arman-tsarukian-zhekpe-zhegine-bolzham-zhasady/