jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Арқалық Қуанған
    Арқалық Қуанған
    Бұрынғы қызметкер

    "Көзіме жас келді": отандық спортшылар туралы жарық көрген кітап чемпионның анасын елжіретті

    Қазақстандық спортшылар жайлы кітап
    Қазақстандық спортшылар жайлы кітап. Фото: Оспан Али

    Қазақстанда "Чемпиондыққа жетелеген арман" атты отандық чемпиондар жайлы жазылған алғашқы кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

    Туынды "Sana Holding" компаниясының қолдауымен екі тілде басылған. Авторы – жас жазушы Унзила Мыңбай және бұл кітап оның тұңғыш еңбегі. Кітаптың басты ерекшелігі – оны дайындауға кейіпкерлердің өздері және олардың ата-аналары қатысты. Балаларды шабыттандыратын жинаққа өз бағыттарында көшбасшы саналатын 17 спортшының естелігі енгізілді. Кітапты отандық суретші Марат Көмеков безендірген.

    "Еліміздің олимпиада комитетінде қызмет еткен кезде, осындай кітап шығаруды армандайтынмын. "Барлығы спортшылар үшін" деген қағидам бұл туындыға да негіз болды. Біз кітапты қазіргі чемпиондардың болашақ чемпиондарға сыйы ретінде дайындадық. Алғашқы жинағымызда 17 спортшының естелігі қамтылды. Бекзат Саттарханов пен Денис Тенниің аналары да ұлдарына қатысты жан тебірентер оқиғаларды бөлісті. Мұнда еліміздегі ең танымал спортшылардың балалық шағы мен қалыптасу кезеңі суреттелген. Олар – Олимпиада мен Паралимпиада чемпиондары, жас ұрпаққа үлгі болатын тұлғалар. Өз арманыңа ұмтылсаң, қолдан келмейтін нәрсе жоқ екенін дәлелдеген жандар", – дейді идея авторы және жоба жетекшісі Жанар Утешева.

    Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова
    Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова. Фото: Оспан Али

    Баспагерлер атап өткендей, әрбір оқиға бірегей болып есептеледі. Бірақ барлық оқиғаға ортақ бір ұқсастық бар – бұл олардың өз армандарына берік болып қалуы.

    "Кез келген арманды орындауға болады. Кітапты жазу барысында осыған көзім жетті. Арасында туындыны орта жолдан тастамақ болған кездерім де бар. Алайда, кітап кейіпкерлерінің де өз арманына жетер жолда қолын бір сілтегісі келіп, кейін қайта жиналғаны еске түсті. Қиындыққа, сәтсіздікке, спорттағы түрлі жарақаттарға қарамастан, олар қайсарлығымен көзге түсіп, діттеген армандарына жетті. Спортшылар секілді үш айналым аксельді орындап, он бес метрге секіріп, қарсыласымды жамбасқа лақтыру қажет болмаса да, өзімнің жазушы ретіндегі "қарсыластарым" мен "олимпиадалық" армандарым бар еді. Байқағанымдай, үлкен армандардың айтарлықтай айырмашылығы жоқ екен. Бұл оқиғалар желісі маған үміт сыйлады: алған бетінен қайтпай, табандылық танытса, әрбір еңбекқор адам міндетті түрде арманына жетеді", – дейді кітап авторы Унзила Мыңбай.

    Кітаптың тұсаукесер рәсіміне жиналған қонақтар
    Кітаптың тұсаукесер рәсіміне жиналған қонақтар. Фото: Оспан Али

    Кітапқа өзек болған оқиғалар спорт журналистері Юлия Милова мен Ақырыс Сейтқазының сұхбаттары негізінде алынған. Тұсаукесер рәсіміне арнайы келген қонақтар қатарында Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова да бар.

    "Ұлым көзден кетсе де, көңілден кетпепті. Бекзат туралы жазылған әңгімені оқып, көзіме жас келді. 20 жасында ерлік жасаған ұлымды халықтың әлі ұмытпағаны қуантады. Бұл кітап жас спортшыларға ауадай қажет. Өйткені, спортшыны қалыптастыру жолында ата-ананың да рөлі үлкен. Мұндай сапалы дүниені көптен көрмеп едім. Ерекше қуаныштымын", – дейді Сырлыкүл ана.

    "Көзіме жас келді": отандық спортшылар туралы жарық көрген кітап чемпионның анасын елжіретті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.