
26 шілдеде Парижде (Франция) XXXIII жазғы Олимпиада ойындары басталады. Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Instaram желісіндегі ресми парақшасында Париж ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы жайлы қызық фактілер жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
- Қазақстан 8-мәрте жазғы Олимпиадаға қатысады және Еуропа құрлығында үшінші рет (Афина, Лондон, Париж) бақ сынайды;
- Қазақстан қоржынында әзірге 70 спортшыда 80 лицензия бар;
- 45 қазақстандық спортшы бірінші рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысады;
- Ең көп лицензияны боксшыларымыз жеңіп алды (10 лицензия);
- Париж Олимпиадасына баратындардың ішінде ең тәжірибелісі – 31 жастағы Владислав Яковлев (академиялық ескек есу). Бұл спортшы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасынан бері тұрақты түрде қатысып келеді;
- Париж Олимпиадасына баратындардың арасынан бұған дейін жүлде алғандар: Сәкен Бибосынов (Токио Олимпиадасының қола жүлдегері) және Қамшыбек Қоңқабаев (Токио Олимпиадасының қола жүлдегері);
- Ең көп жүлде иегері: Елдос Сметов (Рио және Токио Олимпиадасының жүлдегері);
- Ең жас спортшы – 17 жастағы Батырхан Төлеуғали (таеквондо);
- Ең егде жастағы спортшы – 37 жастағы Эльмир Әлімжанов (семсерлесу).
Айта кетейік, Париждегі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 10 мыңнан аса спортшы қатысады. Олар спорттың 32 түрінен 300-ден аса медальды сарапқа салады.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасына Қазақстан құрамасы 80-85 жолдамамен баруды жоспарлап отырғанын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2122848-parizh-olimpiadasyna-qatysatyn-qazaqstan-quramasy-zhaily-9-qyzyq-fakt/