Спорт

Зектілері

Олимпиадада қазақ спортшыларына көмектесетін мамандар саны рекордтық көрсеткішке жетті

Жарияланған күні:

Махмұд Сабырхан және Мырзағали Айтжанов
Махмұд Сабырхан және Мырзағали Айтжанов. Фото: olympic.kz

Парижде (Франция) өтетін Олимпиада ойындарында Қазақстан командасына 67 бапкер, сондай-ақ дәрігерлер, психологтардан тұратын кешенді ғылыми топтың 15 мүшесі қолдау көрсетеді. Құрамаға көмектесетін тұлғалардың саны алғаш рет спортшылардың санынан көп болып отыр, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Қазақстан ҰОК спорт Департаментінің басшысы Бектұр Қиятбайдың айтуынша, Олимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасы тарихында бапкерлер мен дәрігерлер саны спортшылар санынан асып түскен емес.

"Сүйемелдеуші тұлғаларға берілетін аккредитация тек қана Олимпиада ойындарына қатысатын атлеттердің санына байланысты бөлінген болатын. Алайда ойынды ұйымдастыру комитетінің жаңарған санау жүйесі, сондай-ақ ҰОК пен Қазақстан туризм және спорт Министрлігінің бірлескен іс-әрекеттерінің арқасында барлық спортшының жеке жаттықтырушысын жүйеге енгізу мүмкіндігі пайда болды. Енді спортшылардың жеке бапкерлері де ұлттық құраманың бас бапкерлерімен бірге жарысқа қатыса алады. Қайталап айтамын, бұрын-соңды мұндай болған емес. Тіпті кейбір Олимпиада ойындарына Парижден әлдеқайда көп атлет қатысса да, мұндай жағдай тіркелмеген", - деді Бектұр Қиятбай.

Ұлттық құраманың үздік спортшылары Елдос Сметов (дзюдо) пен Нұрсұлтан Тұрсыновтың (грек-рим күресі) жеке бапкерлері алғашқы кеңейтілген тізімге енбей қалған. ҰОК-тің  Париж-2024 ойындарын ұйымдастыру комитеті және ХОК-пен жүргізген ұзақ келіссөздерінің арқасында аталған жаттықтырушыларды аккредитациядан өткізуге келісім берілді.

"Олимпиада кезінде ойынды ұйымдастыру комитетімен арадағы барлық қарым-қатынас тікелей ҰОК арқылы өрбиді және менің әріптестерім бұған тас-түйін дайын. Париж ойындарында ұлттық құраманың жұмысын үйлестіруге ҰОК-тың жеті қызметкері жұмылдырылған және олардың әрқайсысында өзіндік жауапкершілік аймағы бар", - деді Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы.

Айта кетейік, Қазақстан делегациясы құрамына 16 спарринг-серіктес енген. Олар жекелеген спорт түрлері бойынша сынға түсетін қазақстандық спортшыларға олимпиадалық жарыс өтетін аймақтарда көмектеседі. Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын 80 спортшы қорғайды. Олар 25 спорт түрінен 92 лицензия жеңіп алған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2139568-olimpiadada-qazaq-sportshylaryna-komektesetin-mamandar-sany-rekordtyq-korsetkishke-zhetti/