"Федерация қолдамады": қазақстандық спортшы неліктен Түркия атынан сынға түсіп жүргенін айтты
Опубликовано:

18 жастағы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Данил Пак қазіргі таңда Түркия атынан мұздағы би жарыстарына қатысып жүр. Ол Sport+ Qazaqstan сайтына берген сұқбатында басқа елге көшу себебін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ
2022 жылға дейін Данил Пак Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсеткен болатын. Қазір ол Ырмак Юджельмен жұптасып, екінші маусым қатарынан Түркия құрамасында өнер көрсетуде. Жаңа маусымда спортшылар жасөспірімдер арасындағы Гран-при кезеңдеріне қатысып үлгерді.
"Мен Алматыда дүниеге келдім, 7 жасымнан бастап мәнерлеп сырғанаумен айналыстым. 12 жасымнан Мәскеуде тұрып, жаттыға бастадым. Мәскеуден шыққан София Лукинскаямен жұптасып, Қазақстан атынан балалар мен жасөспірімдер жарыстарына қатыстым. Бірнеше халықаралық жарыста чемпион атандық. Алайда әскери қақтығыс басталғанда, серігімнің ата-анасы оның спорттық мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады. Бұл жағдай жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына бес апта қалғанда болған еді", - деді Данил Пак.
Оның айтуынша, Қазақстанның мәнерлеп сырғанау федерациясы оған ешқашан қолдау көрсетпеген.
"Өкінішке қарай, Қазақстанның мәнерлеп сырғанау федерациясы мені қолдаған емес. Мәскеудегі барлық жаттығу мен жарыстың шығынын анам өтейтін. Тіпті жасөспірімдер арасындағы Гран-при жаырсына ұшуға арналған билеттерімді де анам сатып алатын. Жаңа серіктес табу үшін 1,5 жыл іздендім. Америка, Франция, Хорватия, Жапония, Ресей және басқа елдерде болдым. Бірақ виза, федерация талаптарына байланысты бірқатар қиындыққа тап болдық. Қазір де Қазақстан атынан өнер көрсеткім келеді. Алайда федерациядан қолдау болмағандықтан, басқа елдің атынан шығу мүмкіндігін қарастыруға мәжбүр болдық", - дейді Данил Пак.
Данил басқа елге көшу шешімін қабылдаған кезде оған Түркиядан еш қиындықсыз рұқсат берілді.
"Түркиядан екі рет ұсыныс түсті – алғаш рет 2021 жылы, кейін тағы 2022 жылы. Түркияның федерациясы мәнерлеп сырғанауға қатысты барлық шығындарды – жаттығу, жарыс, киім-кешекті толығымен өтейді. Қазақстанның мәнерлеп сырғанау федерациясынан бірден рұқсат алдым, сондай-ақ Халықаралық конькишілер одағынан да ешқандай кедергілер болмады", - деді Данил Пак.
Айта кетейік, қазіргі маусымда Қазақстан атынан жасөспірімдер Гран-приінде Иван Соловьев пен Ева Шелаева жұбы өнер көрсетіп жүр. Бангкоктағы кезеңде олар 14-орын, ал Қытайдың Уси қаласындағы кезеңде 16-орын алды.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2180112-federatsiia-qoldamady-qazaqstandyq-sportshy-nelikten-turkiia-atynan-synga-tusip-zhurgenin-aitty/