
Шпагамен семсерлесуден Қазақстан ерлер командасы Ванкувердегі (Канада) әлем кубогы кезеңінде қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарыс барысында қазақстандық спортшылар Гонконг пен Италия құрамаларын жеңгенімен, жартылай финалда Жапонияға есе жіберді. Ал үшінші орынға таласта Қазақстан командасы Франциядан басым түсіп, қола жүлдені қанжығалады. Алтын медальді финалда Жапонияны ұтқан Мажарстан командасы еншіледі.
Ванкувердегі әлем кубогы кезеңінде ел намысын Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай қорғады.
Айта кетейік, шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасы биылғы маусымды сәтті өткізді. Спортшылар Азия чемпионатының финалдық кезеңінде әлем рейтингінің көшбасшысы жапониялықтарды жеңіп, Азия біріншілігінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, олар семсерлесуден Қазақстан тарихында алғаш рет биылғы жазғы Олимпиада ойындарының командалық турниріне қатысты. Швейцарияда өткен әлем чемпионатының соңғы кезеңінде Қазақстан құрамасы жарыс қорытындысы бойынша үздік ондыққа енді. Бұдан бөлек әлемдік рейтингте 4-орынға көтерілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2191830-semserlesuden-qazaqstan-quramasy-alem-kubogynda-medal-zhengip-aldy/