Спорт

Зектілері

Елдос Сметов ата-анасының дұғасы оны жеңіске жетелейтінін айтты

Жарияланған күні:

Дзюдошы Елдос Сметов
Дзюдошы Елдос Сметов. Фото: Buda Mendes / Staff / Getty Images Sport

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Астанадағы Kodokan Spirit дзюдо орталығында жас спортшылармен кездесу өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Елдос Сметов кездесу кезінде Олимпиададағы ең қиын белдесуін еске алды. Сондай-ақ ол жетістікке жетудің басты кілті – отбасының қолдауы екенін атап өтті.

"Олимпиададағы ең қиын белдесуім 2023 жылғы әлем чемпионы Франсиско Гарригосқа қарсы өтті. Жеңіске жету жолымда ол бір ғана мүмкіндік берді. Нәтижесінде өз сәтімді тиімді пайдаланып кеттім. Жалпы қай жерде болмасын, түсінген адам жетістікке тек отбасының қолдауы арқасында жете алады. Ата-ананың дұғасы, разылығы – жеңіске жетудің басты кілті", - деді Елдос Сметов.

Кездесуге қатысқан жас спортшылардың бірі Елдостан дзюдодағы ең қиын сәтін сұрағанда, Елдос өзінің жасөспірім шағындағы естелігін айтты.

"Өзбекстандағы халықаралық жарыста 40 кг салмақта күресуім қажет еді. Бірақ салмағым 44 кг болды. 4 кг салмақты тез арада қуған сәтім әлі күнге дейін есімнен кетпейді", - деп жауап берді Елдос Сметов.

Іс-шара барысында Елдос Сметовжас дзюдошыларға спортта сәттілік тілеп, қолтаңбасы бар кимоноларды сыйға тартты.

Айта кетейік, аумағы 1 200 шаршы метр болатын Kodokan Spirit дзюдо орталығында мыңнан астам бала дзюдомен айналысады. Биыл жазда Парижде өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов (60 кг) финалдық бәсекеде франциялық Лука Мхеидзені жеңіп, алтын медаль еншілеген болатын.

Елдос Сметов жас дзюдошылармен
Елдос Сметов жас дзюдошылармен. Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2196521-eldos-smetov-ata-anasynyng-dugasy-ony-zhengiske-zheteleitinin-aitty/