Спорт

Зектілері

"Өте төмен деңгейге түсіп кетті": Есбол Сұлтанов қазақ таеквондосына баға берді

Жарияланған күні:

Есбол Сұлтанов
Есбол Сұлтанов. Фото: youtube.com/@AqyrysSeitqazy

Париж Олимпиадасында таеквондодан Тунис құрамасын тарихи жетістікке жеткізген қазақ бапкері Есбол Сұлтанов Қазақстандағы таеквондоның деңгейі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ журналист Ақырыс Сейтқазының Youtube-тегі арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Өкінішке қарай, Қазақстанда таеквондоның деңгейі өте төмен болып тұр. Оның бір себебі – федерацияның алдыңғы басшылығының салғырт қарауы. Шетелден бапкер алып келді, ол қазақ таеквондосын өте төмен деңгейге түсіріп тастады. Нөл емес, минусқа кетіп қалды.

Мен өткен жылдары ұлттық құрамаға көмекші бапкер ретінде барғанмын. Сол кезде өте төмен жағдайды көрдім. Ұлттық құрама шашылып кеткен, жеке бапкерлер балаларын мұнда жібергісі келмейді. Ауызбіршілік, тәртіп, ортақ бір бағдарлама жоқ екенін көрдім. Тіпті, бір қызығы, Токио Олимпиадасының алдында лицензия алған бір ұлымыз бен бір қызымыз бапкерсіз өздері дайындалған. Сондай жағдай болып жатқанда ұлттық командаға барып, 1,5 жылдай жұмыс істедім. Бірақ ондай құрамамен әлем чемпионатында нәтиже көрсету қиын болды. Десе де 4 спортшымыз ширек финалға шықты", - деді Сұлтанов.

Сондай-ақ Есбол Сұлтанов қараша айында Қазақстан таеквондо федерациясының жиынына қатысып, бас бапкерлікке өзін ұсынғанын айтты.

"20 күндей өтті, әлі жауап келген жоқ. Себебін білмедім. Бұл жерде бірнеше ведомство бірігіп, шешім шығаруы керек", - деді бапкер.

Айта кетейік, Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен таеквондодан Тунис құрамасы Париж Олимпиадасында 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алған еді. Бұл осы ел үшін тарихи жеңіс болды. Жақында Сұлтанов Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (Workd Taekwondo) "жылдың үздік бапкері" атағын иеленген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2199447-ote-tomen-denggeige-tusip-ketti-esbol-sultanov-qazaq-taekvondosyna-baga-berdi/