Спорт

Зектілері

Тунистен Олимпиада чемпионын шығарған қазақ таеквондодан еліміздің бас бапкері болып тағайындалды

Жарияланған күні:

Есбол Сұлтанов
Есбол Сұлтанов. Фото: instagram.com/sc_bars

WT таеквондодан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының жаңа бас жаттықтырушысы болып Есбол Сұлтанов тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан Таеквондо Федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қазақстан Таеквондо Федерациясы Instagram-дағы ресми парақшасында Есбол Сұлтановтың кәсіби білігі мен тәжірибесіне сүйене отырып, ұлттық құраманың нәтижесін жақсартуға мүдделі екенін хабарлады.

Бапкерлік өтілі 15 жылдан асатын Есбол Сұлтанов Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Тунис құрамасының бас жаттықтырушысы ретінде сол мемлекет үшін тарихи алтын медалін және бір қола жеңіп алуға үлес қосты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Есбол Сұлтановтың ірі жетістігіне назар аударып, білікті мамандардың өз елімізде жұмыс істеуін қадағалауды тапсырған.

Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша Дүниежүзілік таеквондо федерациясы (World Taekwondo) Есбол мырзаны "Жылдың үздік жаттықтырушысы" деп таныды.

Сондай-ақ ол елімізде түрлі жас деңгейіндегі спортшыларды жаттықтырып, құрлықтық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын дайындаған.

Еске салайық, Есбол Сұлтанов KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, екі елдегі таэквондоны салыстырған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2212565-tuniske-tarihi-altyn-medal-apergen-esbol-sultanov-taekvondodan-qazaqstan-quramasynyng-bas-bapkeri-bolyp-tagaiyndaldy/