
Серік Қажатұлы есімді Баян-Өлгей аймағында туған қандасымыз бодибилдингтен "Моңғол мистері" чемпионатында жеңіске жетті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баян-Өлгей аймағының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Серік Қажатұлы Моңғолия астанасындағы Ұлан-Батыр қаласында ұйымдастырылған "Моңғол мистері – 2020" атты ел чемпионатына қатысқан.
Ол 75 келі салмақта жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленген.

Сондай-ақ бодибилдингтен Баян-Өлгей аймағынан шыққан алғашқы "Моңғол мистері" атанып отыр. Серік Қажатұлы 1984 жылы туған. Моңғолия астанасы Ұлан-батырда тұрады.

Басылымның жазуынша, Моңғолияда спорттық жетістікке жетіп жүрген қандас спортшылар баршылық. Осы жылдың басында дзюдодан Орхон аймағында өткен Моңғолия чемпионатында 100 келі салмақта белдескен Серік Бердімұратұлы екінші мәрте ел чемпионы атанған.
Еске сала кетейік, бұған дейін екі жылдан бері фитнес орталықтың жаттықтырушысы болып жұмыс істейтін ақтөбелік ерлі-зайыптылар туралы жазған едік.
38 жастағы отағасы Сағадат Салманов бодибилдингтен спорт шебері. Ол бодибилдинг бойынша Қазақстанда бірнеше рет жеңіске жетіп, өзге мемлекеттерде өткен жарыстардан жүлдемен оралған.
Сонымен қатар ерекше мүсінімен әлемді таңқалдырған қытайлық бодибилдинг шебері Юань Херонгтың коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге көмектесіп жүргенін хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1881962-baan-lgej-kazagy-bodibildingten-mogol-misteri-atandy-foto/